Елордада су добынан ел чемпионаты өтті

Ұзақ үзілістен кейін су добының чемпионаты жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасөспірімдер арасындағы ішкі біріншілік Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Оған еліміздің 5 өңірінен 6 команда жиналды. 3 күнге созылған жарыс нәтижесінде Тараз командасы қарсылас шақ келтірмеді. Олар финалдық сында елордалық құраманы 10:8 есебімен жеңді. Сәйкесінше, Нұр-Сұлтан спортшылары күміс, ал Атырау спортшылары қола жүлдегер атанды. Ел чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды.

Айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасы жуырда ғана Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын.

Дамир Темірханов, су добынан мемлекеттік жаттықтырушы:

– 2004 жылы туған балалардың мүмкіндіктері зор. Қазіргі күнде Тараз, Нұр-Сұлтан, Атырау үздік команда болып саналады. Алдағы жылы бұл балалар жасөспірімдер құрамасына түседі.