Қазақстандық жокей жігіт Еуропада жаңа белестерді бағындыруда

Германияның Кёльн қаласында өткен турнирде Бауыржан Мурзабаев бірінші орын алды.

Чехияның үш дүркін, Германияның екі дүркін чемпионы атанған қазақстандық спортшының қоржынында 200-ден аса жеңіс бар.

Бауыржан Мурзабаевтың есімі бүкіл Еуропаға танымал. Отандасымыз мансабын Чехияда бастаған. Кейіннен дарынды жокей Германияға шақырту алады. Қазір ол немістің ат спортының отаны саналатын Кёльн қаласында тұрып, жаттығады. Спорт шолушылары мен шетелдік жаттықтырушылар Бауыржанның жетістіктерін жоғары бағалайды.  

Филипп Хайн, Кёльн қаласы ипподромының директоры:

– Бауыржан әлі талай белестерді бағындырады. Оның өз тактикасы бар. Жарыстың соңына таман жылдамдығын арттырып, қарсыластарынан басып озады. Бауыржан Германиядағы ең үздік жокейлердің қатарында. Оған сәттілік пен жаңа жеңістер тілеймін.

Былтыр Бауыржанның қоржыны 120 жеңіспен толықты. Биылғы көрсеткіштер де жаман емес. Маусымның енді басталғанына қарамастан, отандасымыз 10 марапатқа ие болған. Кёльнде өткен турнир Германиядағы ең беделді сайыстардың бірі саналады. Бас жүлдеге 44 мың еуро тігілді. Алғашқы айналымда үздік үштікке де кірмеген Бауыржан өз тактикасының арқасында бәрін басып озып, бірінші орынды иеленді.      

Бауыржан Мурзабаев, жокей, германияның екі дүркін чемпионы:

– Менің спортым – ол өте қиын спорт. Көп жолда жүрем, көп жағдайда диета. Біріншіден, жақсы ат, жақсы тренер керек. Өзің дайындалу керексің. Содан кейін жолың болу керек, бақ болу керек. Чемпион деген бір күндік нәрсе емес. Бұл біздің спортта бір жылдық нәрсе. Бір жылда кім көп жарыс ұтады, сол чемпион болып саналады.

Бауыржан Германияда екі жыл қатарынан абсолютті чемпион атағын сақтап келеді. Жерлесіміз мұнымен тоқтап қалмай, алға көп мақсаттар қойғанын айтады.

Бауыржан Мурзабаев, жокей, германияның екі дүркін чемпионы:

– Негізі осы жаққа келген кезде үйренсем деп келгем. Ал бұл жетістіктер арман болған. Маған Германияға келген кезде айтқан, 10 жылда бестікке кіресің деп, мен 10 жыл емес, үшінші жылы чемпион болдым.

Жерлесіміздің Еуропада тұрып жатқанына 10 жылдан асып кетті. Бірақ Бауыржан отанын әсте ұмытпайтынын айтады. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Қазақстанға жиі келіп кетіп тұрады.

Жұлдыз Атагельдиева, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский