Қазақ күресінен «Нұр-Сұлтан Барысы» анықталды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу мақсатында «Нұр-Сұлтан Барысы» жарысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бабы келіскен 26 балуан бақ сынап, шілде айында елордамыздың төрінде өтетін дүбірлі дода «Қазақстан Барысы» турниріне жолдаманы сарапқа салды. Тартысқа толы белдесулер нәтижесінде Олжас Шынкеев топ жарып, алтын белбеуді иеленді. Екінші орын Айбат Сейтенге бұйырса, үздік үштікті Нұрбек Досмұханбетов қорытындылады. 

Жарыстың алтын және күміс жүлдесіне ие болған қос балуанымыз «Қазақстан Барысында» бас қаламыздың намысын қорғайтын болады. 

«Балуандарымыздың дайындық деңгейі жақсы. Нұр-Сұлтан қаласының іріктеу жарысына 26 балуан қатысты. Соның ішінде екі балуан «Қазақстан Барысына» қатысуға мүмкіндік алады. Балуандарымызға үміт артамыз, үздік үштіктен көрінеді деп сенемін», – деді жарыстың бас төрешісі Аян Ерназаров. 

Қола жүлдеге ие болған Нұрбек Досмұханбетов те қарсыластарының белдесуіне жоғары баға берді. 

«Спортшылар жақсы дайындықта келген. Өздеріңіз көргендей, қарсыласым да осал емес. Басты қарсыластарым Айбат Сейтен, Олжас Шынкеев. Алда белдесулер бар, кім мықтыны әлі де анықтаймыз деп ойлаймын», – деді Нұрбек балуан.