17 жастағы футболшы алаңда көз жұмды

Мәскеудің «Вернадка Парк» стадионында өкінішті жағдай орын алды деп хабарлайды Vesti.kz.

Әуесқойлар футбол лигасының «Оңтүстік-Батыс» аймағында өнер көрсететін «Браавос» командасының ойыншысы кездесу басталысымен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Әуесқойлар арасындағы турнир болғандықтан стадион маңында жедел жәрдем қызметі болмаған. Нәтижесінде 17 жастағы Максим Добровольскийге алғашқы медициналық көмек 15 минуттан кейін көрсетілді. Алайда оны құтқара алмаған.

Әуесқой футбол лигасының президенті Дмитрий Смирновтың мәлімдеуінше, ойыншы аталмыш лигада ресми тіркелмеген. Кейін анықталғандай, командадағы ойыншылардың бірі футболшы жетіспегендіктен досын шақырған.

Соңғы уақытта осындай оқыс оқиғалар футболда жиілеп барады. Еске салсақ, Еуро-2020 турнирінде Дания мен Финляндия кездесуінің бірінші таймында Кристиан Эриксен есінен танып қалған еді. Алайда «Интер» жартылай қорғаушысына аз уақыттың ішінде медициналық көмек көрсетілген болатын.