Елордада өткен халықаралық марафонның жеңімпазы анықталды

Биыл желаяқтар бәсекесінде 3 мыңға жуық адам бақ сынады. 42 шақырымдық жартылай марафонға 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысты. Ал 10 шақырымға 16 жастан асқан жасөспірімдер жүгірді.

Биыл Astana Marathonына екпе алған желаяқтар ғана қатысты. Және қатысушыларды қабылдау «Ashyq» жүйесі арқылы жүзеге асырылды. 10 шақырымдық межені еңсерген қызылордалық спортшы додаға бір ай дайындалған. Оның жеке рекорды 29 минут 56 секунд.

Рахымжан Кельманов, марафон жеңімпазы:

- Жеңіл атлетикамен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Қазіргі уақытым 31 минут 18 секунд. Алматыда янградер деген жарысқа қатыстым. Осы жарысқа Алматы қаласынан, мектебімнің атынан арнайы келген болатынмын. 2019 жылы Белоруссияда қатысқан болатынмын. 3 км.

Қатысушылардың көңіл-күйі көтеріңкі. Себебі былтыр іс-шара пандемияға байланысты өткізілмеді. 58 жастағы Қанат Оспанов үшін бұл 38-марафоны. Бүгін 10 шақырымды жүгіріп өтті.

Қанат Оспанов, марафонға қатысушы:

- Бүгін керемет сезімдемін. Дені саудың жаны сау.  Марафон туралы естіген күннен дайындықты бастадым. Мен бір айда 4 рет жүгіріп, өз рекордымды орнатамын. Мысалы, 10 күн бұрын бір күнде 160 шақырымды бағындырдым.

Халықаралық марафонға қатысу құны 7 жарым мыңнан 10 мың теңгеге дейін болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2009 жылдан бері Astana Marathon ұйымдастырушылары қайырымдылық ұйымдарға 37 млн теңгеден астам қаржы жинаған.

Гаухар Брамлей-Фентон, Astana Marathon негізін қалаушы және ұйымдастырушысы:

- Бүгінгі марафон бұрынғыдан өзгерек. Өйткені бұл жолғы бәсекеге World Athletics ұйымы қола мәртебе берді. Сәйкесінше Астана марафоны ТМД аумағында осындай дәрежеге ие алғашқы марафон болды. 

Биылғы Astana Marathon ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр. Спорттық шараға елордалық тұрғындармен қатар еліміздің әр қиырынан келген желаяқтар қатысты. 

Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсембаев, Ержан Рахманбердиев