Елорда әкімі: Барлығыңызды спортпен айналысуға шақырамын

«Астана марафоны» қола статусқа ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы берген баға және айта кету керек, ТМД төңірегінде осы құрметке елорда алғаш ие болып отыр. Алғаш және әзірге жалғыз. Сәйкесінше, алдағы уақытта оның ауқымы одан сайын кеңейіп, қатысушылар саны еселенеді деген сөз. Халықаралық марафон күні кеше қайта жанданған болатын. Ұзақ үзілістен кейін елорда төрінде бұқаралық жүгіріс ұйымдастырылды. Марафон 2 қашықтық бойынша, яғни, 42 және 10 шақырым бойынша өтті. Оған 45 қаладан 3 мыңға жуық адам жиналды. Санитарлық талаптар қатаң. Жүгіру алаңына Ashyq жүйесі «жасыл» түсті қатысушылар жіберілді.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Бүгін байқағанымыздай, барлығы осындай іс-шараларды сағынып қалған. Әсіресе, спортпен айналысуды. Таңертең жексенбі күні тұрып жүгіру деген сөз ол біріншіден, үлкен сенім керек өзіңе деген. Одан кейін азаматтарға деген жақсы үлгі. Сондықтан баршаңызды спортпен айналысуға шақырамыз. Бүгінгі марафон халықаралық дәрежеде қола статусқа ие болды. Бұл спортшыларға, қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан барлығыңызды спортпен айналысуға шақырамыз. Құтты болсын. Бұқаралық спортты дамытуға барлық күш жігерімізді саламыз.