Отандық ауыр атлетика саласы ішінен іріп жатыр

Қазақ ауыр атлетикасы тағы тығырыққа тірелді. Допинг дауы бір бөлек. Енді ел намысын қорғайтын спортшылар жаттықтырушылар тарапынан қысымға тап болды. Қорқыту мен үркіту жиіледі. Бұл жөнінде спортшылар әлеуметтік желіге жазып жатыр. Ал жауаптылар әзірге үнсіз.

Отандық ауыр атлетика ішінен іріп жатыр. Әлеуметтік желідегі жазбалар осыны аңғартады. Әсіресе Альберт Линдердің қазасынан кейін спортшылардың арыз-шағымы қарша борады. Әсіресе «басшылықтың бассыздығы және бапкерлердің былығынан әбден шаршадық» дейді.

Айгерім Ауылбек, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Тағы да қорқытулар, тағы да шабуылдар басталды. Ұлттық құраманың бас бапкерлері мен басы-қасындағы мамандар осындай лас әрекеттерге көшті. Біз аталған қызметке лайық еместерді алып тастауды сұрадық. Жанайқаймызды жеткіздік. Оған түсінушілікпен қараудың орнына, керсініше өзімізге тап беріп жатыр. Ахметов сынамаларымызды допинг тексеріске жіберем деп қорқытады. Сәйкесінше тыйым салынған препарат табылса, спортшы мен бапкерін командадан қуады және өмір бойы спортқа жақындатпайды.

Жазира Жаппарқұл, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:

- Федерация басшыларының бірі хабарласып, «саған бір құжат жіберемін, соған қол қойып берші» деді. Қандай келісім деп едім, оқу-жаттығу жиындарында жүргеніңді растайтын құжат деп түсіндірді. Келістім. Жіберген адамы «асығып тұрмын» деп, оқуға да мүмкіндік бермей, қол қойғызып алды. Сөйтсем, ол құжатта оқу-жаттығу жиындарынан шеттетіп, айлық бермейтіні жазылған екен. Бізде салфетка сияқты пайдаланып, сосын лақтыра салады. 

Бұл бірер мысал ғана. Ел намысын қорғап жүрген басқа да айтулы ауыр атлеттер мәселені көтеріп, түбегейлі өзгеріс керектігін алға тартады. Ал спортқа жауапты министрлік немесе Олимпиадалық комитет әзірге үнсіз. Тіпті құзырлы федерацияның өзі әлі тұшымды жауап қатпады. Барлығы тексеріс үстінде. Арнайы комиссияның отырысынан кейін нақты шешім болады дейді.

Меңдіхан Тәпсір, ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы:  

- Ішкі бір іріткілер, түсініспеушіліктер пайда бола бастады. Оның да енді себептері көп. Біз федерация тарапынан спортшылардың БАҚ хабарласуы, айтқан арыз-шағымдарына байланысты ішкі зерттеу комиссиясын құрдық. Жұмыс барысы, бәрі анықталып, жұмысымыз толығымен ақяталған кезде барлығы орнына қайтадан келетін болады. Не құрама команда өзгереді не бапкерлер өзгереді не жұмыс бұрынғыша жалғасады.  

Ал ұлттық құраманың бас бапкері барлық жаланы жалған дейді. Қазір ол спортшыларымызды халықаралық жарыстарға дайындап жатыр. Осындай жауапты сәтте ақпараттық шабуылдың көбеюі жаттығу барысына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.

Бақыт Ахметов, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Қараша мен желтоқсан айы біздер үшін жарысқа толы. Алдымен ел біріншілігі өтеді. Одан кейін әлем чемпионаты бар. Кеше ғана Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп келдік. Енді міне, тау етегінде тер төгудеміз. Тыңғылықты жұмыс жасау үшін тыныштық керек. Бірақ соңғы жағдайлар бапкерлерге де, спортшыларға да өз әсерін тигізуде. Иә, спортшыларға талап қатал. Бірақ біреуге қол көтеру немесе біреудің жеке басына тіл тигізу бізде болған емес, болмайды да.

Бұның артында мүдделер тоғысы бар дейді спорт сарапшылары. Олардың айтуынша, федерацияның басшылығына талас жүріп жатыр. Қалай болғанда да ауыр атлетикамыз қазір ең қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Допинг даулары бір бөлек. Енді ішкі тартыс күшейді. Бұдан отандық спорт ұтылмаса, ұта қоймайтыны анық. Екі ортада спортшыларға обал. 

Аслан Қаженов