Алматыда джиу-джитсудан халықаралық турнир өтті

Алматыда джиу-джитсудан ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық турнир өтті. Бұл сынға балалар үйінің тәрбиленушілері мен аз қамтылған отбасылардың балалары және әлем біріншілігінің жүлдегерлері қатысты. 300-ге жуық үміткер бақ сынаған жарысқа Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті.

Алматыдағы арнайы мектепте джиу-джитсуден айтулы жарыс өтті. Болашағынан зор үміт күттіретін 4 жас пен 15 жас аралығындағы өрендер «Almaty Jiu-Jitsu Kids Cup» турнирінде бар өнерін паш етті. Жарыстың ашылуында сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров үміткерлерге сәттілік тіледі.

Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда біздің елімізде джиу-джитсу спортының абройы асып, беделі өсіп келеді. Біздің спортшыларымыз Қазақстан атын әлемге асқақтатып, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды. Жақында джиу-джитсeден Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатында біздің спортшылар үлкен жетістіктерге жетіп, 9 спортшымыз алтыннан алқа тақты. Ол бізге үлкен мақтаныш.

Халықаралық деңгейдегі жарыс болғандықтан қырғыз елінің спортшылары да  бақ сынады.

Айта кету керек, мұнда аз қамтылған отбасылардың және әлеуметтік қорғалмаған топтардың балаларына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ балалар үйінің тәрбиеленушілері де өз шеберліктерін көрсетті.  Олар қала әкімшілігінің қолдауымен Сағадат Нұрмағанбетов атындағы спортклубта тегін жаттығатындар.

Мария Казанцева, «Жанұя» мамандандырылған клубының тәрбиеленушісі:

- Мен екінші орын алдым. Жарыс маған қатты ұнады. Бізде жаттығуда барлық жағдай жасалған. Білікті бапкеріміз бар. Нәтижеміз жаман емес.

Самат Айтпанбет, жарыстың бас төрешісі:

- Бізде балалар үйінің тәрбиленушілері 2 айдан бері жаттығып жүр. Алғашқы нәтижелері жаман емес. Егер дәл осы қарқындарын жоғалтып алмаса шетелге шығып, халықаралық турнирлерде бас жүлде алатын мүмкіндік бар.

Жарыстың басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, жас өрендердің спортқа деген қызығушылығын арттыру.

Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон