72 жастағы қарағандылық желаяқ жер шарын айналып өтпекші

Қарағанды облысының Ақжал кентінде тұратын 72 жастағы желаяқтың басты мақсаты – жер шарын айналып өту, деп хабарлайды Хабар 24.

Әжібжан Жанаспаев ақсақал соңғы 35 жылда 31 мың шақырым қашықтықты жүгіріп өткен. Межеге жету үшін әлі 9 мың шақырым керек. 72 жастағы Әжібжан Жанаспаев таңмен таласа тұрып, таза ауада жүгіреді. Соңғы 35 жылда бұл әдетінен жаңылған емес. Жүгірген соң міндетті түрде белтемірге тартылып, кеудесін жерден көтеріп, біраз шынығады. 72 келі зілметірді оп-оңай көтереді. Қарияның бойындағы сарқылмаған қуаттың құпиясы осы.

Әжібжан Жанаспаев, Ақжал кентінің тұрғыны:

– 37 жасқа келгенде түрлі ауру жабыса бастады. Жастарға ілесе алмай қалам. Содан күнделік аштым. Ал күнделік адамды тәрбиелейді.

Ақсақал қанша қашықтыққа жүгінгенін күн сайын күнделігіне жазып отырады. Бұл 1986 жылдан бергі қалыптасқан әдеті. Қазір 23 дәптердің беті толыпты. Осылайша желаяқ 35 жылда 31 мың шақырымды бағындырған. Мақсаты – 40 мыңға жеткізу.

Әжібжан Жанаспаев, Ақжал кентінің тұрғыны:

– Міне 6 шақырым, 8 шақырым, солай көбейе береді. Жаңа жылды мен стадионда қарсы алам. 12-ге 15 минут қалғанда шығамын. 12 жарымда үйге келем, 5 шақырым түнде жүгіріп шықтым. Маған енді 9 мың жүгіру керек. Сонда жер шарын айналып өтемін.

Әжібжан Жанаспаев ауыл жастарын футболға баулып келеді. Теңбіл допты тәуір тебетін таланттарды жазбай танимын дейді өзі. Ең бастысы бұл еңбегіне ақы сұрамайды, үйірме тегін. Сөйтіп ақжалдық ағайынға қарт волонтер атанып отыр.

Әжібжан Жанаспаев, Ақжал кентінің тұрғыны:

– Балалардан ақша алып қайтемін. Бұлардың ата-аналары еңбек жасады ғой осы Ақжал кентіне. Сол жетеді. Менің осы үйреткенім балаларға көмек болса, сол жетеді. Балалардың рахметі жетеді маған.

Спортты жанына серік еткен ақсақал өнерден де құралақан емес. Бес бірдей музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Ақжал кентіндегі зейнеткерлердің басын қосып, ансамбль де құрған. Ал қазір мектепішілік «Шабыт» тобына жетекшілік етеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев