Уимблдон финалы: Рыбакинаның ойыны қашан өтеді?

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде сенбі күні чемпиондық атақ үшін кортқа шығады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. 

Қазақстандық теннисшінің финалдағы қарсыласы әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабер. Қайсысы ұтса да бұл олардың «Үлкен дулыға» додасындағы алғашқы титулы болмақ. Финалға дейін Елена Рыбакина бір ғана сетте есе жіберді, яғни ширек финалда австралиялық Айла Томляновичпен үш партия ойнады. Ал Онс Жабер чехиялық Мария Боузковамен және кеше германиялық Татьяна Мариямен үш сеттік кездесу өткізді. 

Осыған дейін қарсыластар хард төсенішінде үш мәрте шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші 2019 жылы Уханьда өткен жарыста Жаберді ұтты – 6:1, 6:7 (3:7), 6:2. Есесіне Онс 2021 жылы Дубайда (7:6 (8:6), 4:6, 6:2) және Чикагода (есеп 4:6, 2:3 болған кезде Рыбакина матчты жалғастырудан бас тартты) жеңіске жетті. 

Финалдық бәсеке 9 шілде күні елорда уақытымен сағат 19:00-де басталады.