Жас таланттардың өнерін 60 скаут бақылайды

Кәсіби спортты армандаған жас таланттар футбол клубтарымен келісімшартқа отыруы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертең елордада «супер бол» жобасының шешуші ойыны өтеді. Ауыл-аймақтан шыққан дарынды жастар «Жеңіс» командасына қарсы ойнамақ. Доп додасына 60-тан аса скаут келеді. Олардың арасында Италиялық «Торино» мен мәскеулік «Спартактың» да мамандары бар. Осыған дейін арман қуған 6 мың жеткіншектің ішінен 25 жас іріктелген болатын. 16 мен 25 жас аралығындағы спортшылар 2 ай бойына ұлттық құраманың базасында білікті мамандармен бірге жаттықты. Қазірдің өзінде бірқатар ойыншы белді клубтардың көзіне түсіп үлгерген. Енді ертеңгі ойында шеберліктерін тағы бір дәлелдесе кәсіби спортшы атанады.

Давид Лория, жобаның бас менеджері:

– Жас спортшылар үшін бұл маңызды ойын. Олар осы уақытқа дейін қатаң дайындықтарда шыңдалып, өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Ертең ойында да жоғарғы нәтиже көрсетеніне сенімдімін. Әуесқой спортшылар кәсіби клубтарға өтуі үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Шетелдік скауттар үшін ойынды тікелей эфирден көрсетеміз. Коментатор ағылшын тілінде сөйлейтін болады.