Головкин – Альварес жекпе-жегі: бұл жолғы жеңіс біздікі – бапкер

Жалындаған жастық жеңе ме? Әлде тәжірибе үстемдік ала ма? Жауабы ертең белгілі болмақ. Жер жаһанда қазақстандық Геннадий Головкин және Мексикалық Сауль Альварес арасындағы трилогияны күтіп отырған көрермен көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ойын баласынан бастап еңкейген қарияға дейін бокс кешін көруден қапы қалғысы келмейді. Ендеше Қарағандылық батырымыздың қазіргі дайындығы қалай? Өзінен 8 жас кіші қарсыласына тойтарыс бере ала ма? Қарағандылықтар Геннадий Головкиннің алдағы жекпе-жегін зор құлшыныспен күтіп отыр. Себебі оның әр жеңісі ауылдастарының ғана емес, күллі Қазақстанның жеңісі екенін жақсы түсінеді. Шаһарда бес жылдан бері Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Онда даңқты боксшының жолын қуған мың жарымға жуық жасөспірім жаттығады. Бокс секциясында шынығатын барлық бала болашақта Геннадий Головкин сияқты қазақтың шапаны мен туын халықаралық дәрежеде жеңіс тұғырына көтеруге ниетті. Орталықта Генаны Гена қылған бапкерлер де бар.

Виктор Дмитриев, ҚР еңбек сіңірген бапкері:

– Алдағы кездесуді асыға күтіп отырмыз. Менің ойымша, бұл жолғы жеңіс бізде болады. Қарағанды мен Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойынша қаншама жанкүйер соны тілеп отыр. Канело да жақсы спотшы, бірақ Гена мықты. Өткен екі кездесуде қарсыластың сырын әбден біліп алған шығар деп ойлаймын. 12 раундқа жеткізбей-ақ мерзімінен бұрын ұтса, тамаша болар еді.

Мадияр Ербосынов, боксшы:

– Жерлісіміз, ағамыз жеңіп шығады деген ойдамыз. Осы трилогияны аман-есен жеңіп шықса бір Алланың қалауымен. Геннадий ағамызға сенеміз.

Гена өзін қолдауға Димаш Құдайбергенді арнайы шақырған. Ол жекпе-жек алдында мемлекеттік әнұранымызды жанды дауыста орындап бермек. Осылайша, еліміздің қос мақтанышы бір шаршы алаңда өнер көрсетеді.

Қазақстандық және мексикалық боксшылар арасындағы бәсекелестік 5 жыл бұрын басталды. 2017 жылы өткен бірінші кездесуде Трипл Джидің басымдығы байқалса да төрешілер тең нәтиже берді. Бір жылдан кейінгі екінші жұдырықтасу кезінде Генаның спорттық мансабында алғашқы жеңіліс тіркелді. Бұл жолы да көпшілік төрешілерді сынның астына алды. Енді үшінші кездесу алдындағы көңіл-күйі қандай?

Геннадий Головкин, кәсіби боксшы:

Осы жерге қайта келгеніме қуаныштымын. Екінші кездесуден кейін 4 жыл өтіпті. Үшінші матч бокс тарихында ерекше күн болып қалады деп ойлаймын. Көрермен үшін бұл үлкен сый. Менің дайындығым жақсы, өзімді күшті сезінемін. Жеңетініме сенімдімін. Мені қолдаған адамдардың үмітін ақтауға даярмын. 

Айта кеткен жөн, Канело мен Головкин арасындағы трилогия 18 қыркүйекте  Лас-Вегастағы T-Mobile Арена кешенінде өтеді. Бірнеше республикалық телеарна бокс кешін тікелей эфирде көрсетеді. Естеріңізде болса, мұның алдында Генадий жапондық Риота Муратаны нокаутпен жеңген болатын. Бұл жолы мексикалықтан айласын асыра ала ма? Ертең таңда білетін боламыз.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, өңірдегі әріптестердің көмегімен