Түркістанда қазақ күресінен Азия кубогі басталды

Түркістанда қазақ күресінен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған ересектер арасындағы Азия кубогі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Екі күнге жалғасатын халықаралық додаға еліміздің барлық өңірі мен Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасынан 230-дан астам апайтөс балуан қатысып, бақтарын сынап жатыр. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшылары мен қазақ күресінің майталмандары даңқты балуанның есімі ел тарихында мәңгі қалатынын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайыста 8 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Ал «түйе балуанға» 90 келіден жоғары салмақтағы қара күш иелері қатысып, жергілікті демеушілер әзірлеген арнайы жүлдеге ие болады.

Айта кетейік, халықаралық турнир Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Сабыр Сапарбаев, турнирге қатысушы:

- Бірінші белдесуім Алматы қаласының балуаны болды. Оны жеңдім. Екінші осы Түркістан қаласының балуаны, онымен екінші рет кездесіп тұрмын. Бірінші кездесуде ұтылып қалғанмын, енді есемді қайтардым. Үшінші, ол да Түркістанның баласы, бірақ Қостанайдың атынан күресті, оны да ұттым. Келесі кездесуім енді белгілі болады. 82 келіде күресіп жатырмын. 4-5 жылдан бері күресемін осы жарыста, жақсы деңгейде өтеді жарыс.

Ерлан Иманғалиев, Қазақ күресінен жоғары ұлттық дәрежесдегі төреші:

- Түйе балуан жарысына автокөлік тігіп жатыр. 90 келі салмақтан жоғары балуандар соған қатысып, өз бақтарын сынап, тігіп отырған жүлдеге күреседі.