352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда «7-20-25» бағдарламасы жүзеге аса бастады

  • 353

Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны белгілі.

Жаңа бағдарлама өңірлерде жемісті жүзеге аса бастады.

Гүлнұр Саркенова шағын кәсіпкерлер санатында. Шаһардағы көп базардың бірінде киім-кешек сатумен айналысады. Күйеуі вахталық әдіспен Ақсай қаласында жұмыс істейді. Отасқандарына алты жыл болса да, осы кезге шейін пәтер жалдап келіпті. Енді басыбайлы баспанаға ие болмақшы. Жас жанұя жаңа бағдарлама туралы естіген бойда екі бөлмелі пәтерге өтініш берген екен. 20% бастапқы жарнаны жинауға ата-анасы жәрдемдесіпті. 

Гүлнұр Саркенова, қала тұрғыны:

- 65-70 мыңға шығып тұр, ай сайын төлеп тұрамыз. Бізге ол тиімді деп ойлаймыз, себебі мен де, жолдасым да жұмыс істейміз. Осы бағдарламамен пәтерге ие болып жатырмыз, Елбасымызға көп рақмет, өте қуаныштымыз. Кеше 30 жасқа толып жатқан жолдасыма сыйлық болды.

Жаңа бағдарламаның тиімді тұстары көп. Сол себепті, оған сұраныс та жоғары. Жеңілдетілген несие алуға басында баспанасы жоқ кез келген тұрғын өтініш бере алады. «Бастысы, тұрақты табысының болуы», – дейді мамандар.

Қозыбақ Құлбарақов, ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры:

- Елбасының бастамасымен Ұлттық банкінің бекітілген «7-20-25» бағдарламасына Орал қаласында алғашқы несиелер беріліп жатыр. Ең бірінші болып «БанкЦентрКредиттің» АҚ клиенті несие алды. Қазір Ұлттық банктің филиалы осы бағдарламаға байланысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сергей Потиченко, құрылыс компаниясының басшысы:

- Баспанаға сұраныстың артуы құрылыс саласының дамуына әсер етеді. Құрылыс индустриясы дамиды. Біз оған дайынбыз. Құрылыс қарқынын арттыру үшін өңір құрылысшыларының әлеуеті жеткілікті.

Өңірде «7-20-25» механизмі бойынша ипотека берумен 6 банк айналысады. Өзге де облыстар секілді несиеге алынатын пәтердің құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысушылар үшін тек бірінші кезеңде 2 мыңдай пәтер салу жоспарланған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы