352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында стадионды жөндеуге 40 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген

  • 88

Павлодар облысының Аққулы ауданында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген стадион қайта қалпына келтірілді.

Конституция күні қарсаңында салтанатты түрде ашылған спорт алаңының құрметіне тұрғындар дене шынықтыру жаттығуларына қатысып, футболдан жергілікті командалар арасындағы достастық кездесулерді тамашалады. Сонымен қатар жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен спортшылар марапатталды.

Стадионға күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 40 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Футбол алаңымен 400 метрлік жүгіру жолы салыныпты. Енді бұл кешен барлық ауыл халқы үшін қолжетімді болмақ.

Әлішер Сәдуақасов, спорт шеберлігіне үміткер:

- Спортшыларға тың серпін береді. Жастар енді осында келіп шынығатын болды. Біздің спортшыларымыз көптеген жарыстарға қатысып, аудан намысын қорғайды. Әсіресе 2004-2005 жылдары туған жастар футболға  жақын. Ауданымызда осындай талапқа сай келетін футбол алаңының пайда болғанына өте қуаныштымын.

Бұқаралық спортты дамытып, халықты жаппай дене шынықтыруға тарту бағдарламасы өз жемісін бере бастады. Қазірдің өзінде Аққулы ауданында спортпен тұрақты шұғылданатын тұрғындар саны 30 пайызға жеткен.  

Алма Қасымова, Аққулы ауданы әкімінің орынбасары:

- Үш ай мерзімде мердігерлер жұмыстарын бітіріп, бүгін қуанышты күн болды. Бұл стадионда күрделі жұмысты өткізу үшін 38 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер уақытында жұмыстарды түгел бітіріп, бүгін ашылу рәсімін өткізіп жатырмыз.

Стадионның ашылуына орай ауданда спорт және денсаулық күндері  аталып өтілді. Дене шынықтырудың адам ағзасына пайдасы зор дегенді алға тартқан дәрігерлер былтырғы жылмен салыстырғанда аудан бойынша халықтың денсаулық көрсеткіші жақсарғанын айтады. Ана мен бала өлімі тіркелмеген. Туберкулез 6 пайыздан 4 пайызға төмендепті.

Зәуре Айдарханова, аудандық аурухананың бас дәрігері:

- Аққулы ауданында осындай спорт алаңы ашылғаны біз үшін өте қуанарлық жағдай. Қазіргі уақытта жастар бос уақыттарын осы алаңда өткізіп, денсаулықтарын шынықтырады деп ойлаймын. 

Ауданда жасөспірімдер спорт мектебі бар. Ал жасанды көгалмен қапталған шағын спорт алаңдары барлық ауылдық округтерде ашылған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы