Қытай басылымы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі туралы жазды

Қытай – Астанадағы ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру бастамасын бірден қолдаған және көрмеге қатысуға ерекше мән беріп отырған мемлекет.

Сондықтан ЭКСПО-ға  бұл елден энергетика саласында жұмыс істеп жатқан мыңнан астам кәсіпорын қатысады. Мұндағы «Жэньминь жибао» газеті Қытайдың халықаралық саудаға ықпалдасу жөніндегі комитетінің төрағасы Цзян Цзэнвэйдің мақаласын жариялады. Автор Қытай павильоны «жасанды күн» деген атаумен ядролық синтездің энергетикалық көзін дамытуға басымдық беретінін айтып, Қазақстанда өтетін көрменің маңыздылығына тоқталады. 

«Біріншіден, Қытай үшін экология саласындағы ұстанымын толық таныстыруға мүмкіндік туып отыр. Дәстүрлі энергия көздерінің трансформациясы, баламалы қуат көздерін дамыту және қоршаған ортаны қорғау тұжырымдамасын ұсынып, барлық елдерді «Жасыл Жібек жолын» дамытуға шақырады. Сондай-ақ инновацияны дамытудағы соңғы жетістіктерін әлемге паш етеді. Үшіншіден, ЭКСПО энергия ресурстары саласындағы әріптестікке тың серпін береді».