ЕХРО 2017 көрмесінің аумағы туристік аймаққа айналады

Жақында «Нұр әлем» ұлттық павильоны қалың жұртшылыққа есігін айқара ашады.

Ал тақырыптық павильондар енді Энергия музейіне айналады. Бұл туралы «Астана «ЕХРО 2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. 11 қараша күні яғни осы сенбіде «Нұр әлем» ұлттық павильоны өз есігін айқара ашады. Тоғыз қабатты кешен келушілерге толықтай қызмет көрсетеді. Қазір «Нұр әлемде» соңғы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Көрме кезінде бұл павильонның алдында ұзын сонар кезек болғаны белгілі. Сондықтан біраз жұрт «Нұр әлемді» тамашалай алмаған болатын. Енді тағы бір мүмкіндік туып отыр. Мұндағы экспозициялар жайлы мамандар тіс жарып ештеңе айтпайды. Себебі ресми ашылу салтанатына дейін көпшілікті ынтықтырып, барлық жаңалықты құпия ұстап отыр. «Қайта түлейтін «Нұр әлем» келушілерді бей-жай қалдырмайды дейді», ЕХРО мамандары. Халықаралық көрменің жабылу салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр әлем» мен тақырыптық павильондар энергия музейі ретінде жұмысын жалғастыратынын айтқан болатын. Сондай-ақ көрме аумағының жартысы «Астана» халықаралық қаржы орталығына берілетіні де белгілі. Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мен технопарк те осы аумақта қоныс тебеді.