Қ.Тоқаев: Медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақ аумағында орналасқан. Президент салтанатты лентаны қиып, ескерткішке гүл шоғын қойды Ашылу рәсіміне жиналған медицина қызметкерлерін құттықтады.

«Алтын жүрек» ескерткішінің ашылуы аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсетеді. Мемлекет басшысы дәрігерлерге арнап ескерткіш орнату туралы тапсырманы былтыр «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында берген еді. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласы.

Денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болды. Былтыр Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталды. Президенттің айтуынша, бұл олардың қажырлы еңбегі мен ерен ерлігіне деген халықтың ыстық ықыласының белгісі. Марапатқа ие болған азаматтардың көпшілігі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңызды екенін айтты. Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Елде медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы енгізіледі. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ету өскелең ұрпақ үшін мәртебелі әрі тартымды болуы тиіс. Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды.

Жаңадан ашылған кешен ақ халатты абзал жандарға деген халық алғысының белгісі болатынына сенім білдірді. Жиын соңында Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Дәрігерлер көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты.

Мұхтар Төлеутаев, «Көпсалалы медицина орталығы» ШЖҚ МКК директоры:

- Мұның барлығы Президенттің осы індетке қарсы күрескен азаматтарға арналған. Осы жолда жан қиған адамдарға көрсеткен құрмет. Бүгінгі күні медицина қызметкерлері халықтың денсаулығын нығайтуда жұмыс істеп жатыр.

Эльмира Адишова, дәрігер-инфекционист:

- Ең алғашқы науқасты коронавируспен мен қабылдадым. Содан бері біздің ауруханада көп адам емделді. Қиын болды. Соған қарамастан мемлекет қолдауын сезіндік. Монументтің ашылуы біз үшін үлкен мәртебе.

Монументтің ашылуынан соң Мемлекет басшысы қаладағы №103 қалалық емханаға барды. Алғашқы жәрдем және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық құралдармен жабдықталған кабинеттерді аралады. Емханада рентгенография, маммография, флюорография, ЛОР-комбайн, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу және басқа да медициналық аппараттар бар. Емхананың соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталуы ауруды дер кезінде анықтап, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Амбулаториялық емхана ауысымына 500 адамды қабылдайды. Медициналық орталықта тіркелген тұрғындарға 23 сала бойынша алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.

Жалпы елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 ұйым бар. Оның 16-сы мемлекеттік, 20-сы жекеменшік ұйым. Пандемияның алғашқы толқыны кезіндегі тәжірибе аурудың алдын алуда емханалардың үлкен рөл атқаратынын көрсетті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарындағы вакциналау пункттері 100-ге дейін көбейді, сондай-ақ, сауда және ойын-сауық орталықтарында қосымша 8 пункт ашылды.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТРК көмегімен