Қазақстанда өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынды

Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған елдер қатарына қосылды. Сенат тиісті құжатты қабылдады. Енді мұндай қатаң түрдегі жауапкершілік қылмыстық атқару жүйесінде болмайды.

Еске салайық, 2003 жылы елде өлім жазасына ресми түрде мораторий жарияланған болатын. Оған дейін Қылмыстық кодекстің 17-бабы бойынша жасалған қылмыстық іс-әрекеттерге қолданылып келді. Президент те таяуда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде өлім жазасын дау-дамайсыз жою керектігін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынған елдер тобына қосылды. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң жүзінде дәлелдеп отыр.