Қазақстан көлік тасымалын әртараптандыруға 20 млрд доллар жұмсайды

Қазақстан 2025 жылға дейін көлік тасымалы саласын әртараптандыруға 20 миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайдан бағыт алатын транзиттік ағынның арнасын кеңейтіп, аймақтағы елдердің өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы бес мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 15 процентке көбейтуге ықпал етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Қытай халық республикасы» саммитінде айтты. Жиын онлайн форматта өтті. Ел Президенті Қазақстан шет елдік инвесторларға жағдай жасап, қолдауға дайын екенін жеткізді. Қазір Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне жұмсаған 40 миллиард инвестициясының жартысы Қазақстанның еншісінде. Былтыр 11 айдың қорытындысы бойынша екі елдің өзара тауар айналымы 17 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті одан әрі көбейту үшін ел Үкіметі жаңа инвестициялық саясат жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ Қазақстан Қытай нарығына жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын 135 тауар түрін экспорттуға мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы осыны жүзеге асыру үшін Орталық Азия – Қытай министрлерінің кеңес механизімін іске қосуды ұсынды.