Еуразиялық одақ үшінші елдермен еркін сауда аймағын құрады

Еуразиялық экономикалық одақ үшінші елдермен еркін сауда аймағын құрады.

Мақсат нарықты кеңейту. Вьетнам, Сербия, Иранмен преференциялық келісім жасалған.

Енді Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөз жүреді. Қатарға Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильді қосуға ниет бар. Бұл жайында бүгін Бішкекте айтылды. Қырғыз астанасында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Қазақ басшысы не айтты? Одақта қандай өзгеріс болады? Талғатбек Әбдіқожа сөз алады.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше бес мемлкеттің басшысы кейінгі 1 ай ішінде екінші рет жүздесіп тұр. Осыдан тура 15 күн бұрын Ереванда ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген. Бүгін Бішкекте бас қосты. Бұл жолы экономика жайын сөз етеді. Жаһан жылдам өзгеріп, таным-түсінік пен технология түрленіп жатқанда одақтастардың жиі жүздесіп, жедел шешімдер қабылдауы заңдылық. Оның үстіне бүгін мемлекет басшылары жылды қорытындылап болашаққа бағыт бағдарды айқындайды.

180 миллион адам тұратын бестіктің бірлестігіне биыл Қырғызстан төрағалық етті. Садыр Жапаров жиынға келген әріптестерін «Ала-Арча» резиденциясында қарсы алып, әдеттегідей бірлескен фото жасады.

Президенттер бұған дейін түрлі алаңда бірнеше рет жүздесті. Десе де дәл осы Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес аясында үш жылдан бері алғаш рет офлайн форматта кеңесіп отыр. Дәстүрге сай жиын шағын құрамнан басталды. Төраға ретінде жиынды ашқан Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен тағы бір рет құттықтады. 

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

- Қазақстанда өткен президент сайлауы қазақ халқының сізге сеніп, толық қолдайтынын көрсетті. Бәрімізге бауырлас Қазақстан Республикасы сіздің басқаруыңызбен даму жолын жалғастырады деп сенеміз. 

Бішкекке келген басшылар экономикалық одақтың да болашағына сенеді. Себебі кейінгі жылдардағы көрсеткіші жаман емес.Бірлестіктің бес жылдық белесін салыстырсақ.

Былтыр жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2 триллион доллардан асты. Өзара тауар айналымы 33 процентке көбейіп, өзге елдермен 846 миллиард долларға сауда жасады. Өнеркәсіп өндірісі 11 жарым процентке өсіп, құны 1

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады. Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жетті.

Қалай десек те пандемия, одан кейін санкциялар легі одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына қысым жасап жатқаны анық. Сондықтан сақтық керек дейді сарапшылар. 

Алмазбек Ақматалиев, Қырғыз Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры:

- Қазір одақтың аяқтан тұрып, экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыруы бәрімізге керек. Ал санкциялар бұған дейін де болған, әлі де бола береді. Осы кезде саяси шешімдер қабылдап, сенім мен достық негізінде сауда жасауға бейімделуге тиіспіз. Кез келген нарыққа шыға алатындай жылдам ойыншыға айналуымыз керек.

Одақтың да көздегені осы. Үшінші елдермен еркін сауда аймағын құрып, нарықты кеңейту. Бұл бағытта Вьетнам, Сербия және Иранмен преференциялық келісім жасалған. Келер жылы Біріккен Араб әмірліктерімен келіссөз басталады. Қатарға Үндістан, Мысыр, Индонезия және Израильді қосуға ниет бар. Президент бұл жұмыстарды жеделдету керек деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келісім бойынша келіссөз басталғанын қолдайды. Бұл бастаманың келешегі зор әрі бүкіл «еуразиялық бестіктің» мүддесіне сай келеді деп санаймын. Енді осы процесті созбалаңға салмау маңызды.

Президенттің бұлай дейтін жөні бар. Өйткені одақ ішінде созбалаңға салынған  жобалар көп. Мәселен 2025 жылға дейін экономикалық интеграцияны дамытуға арналған жоспар баяу жүзеге асып жатыр. Мәселен одақтың негізгі жарғысы тауар, қызмет, қаржы, және еңбек күшінің еркін қозғалысы болса, соның ешбірі толық іске асқан жоқ. Жұмысты іздеу, орналасу және тіркелу рәсімдері қиын. Жүк тиеген көліктер де шекара бекеттерінде сағаттап тұрады. 

Эльдар Абакиров, Қырғыз Республикасы экономика министрінің бұрынғы орынбасары:

- Құжатта жазылған экономикалық келісімдердің көбі іске асып жатқан жоқ. Одақтың негізгі қағидасы тауар, қызмет, қаржы мен жұмыс күшінің еркін айналымы. Бірақ Қырғызстан тауар тасымалдаушылары қауымдастығының айтуынша, Қазақстан арқылы Ресейге транзитпен өтетін жүк көліктеріне шекарада кедергі көп. Бұл мәселе шешілмей алға жылжу мүмкін емес.

Алға жылжу үшін әрине ашықтық керек. Яғни цифрлық жүйелер іске қосылуға тиіс. Сонда интеграцияның пайдасын бәрі теңдей көреді. Бұл салада Қазақстан одақ ішінде озық. Тіпті әлемде цифрландырылған отыздыққа кіреміз. Тың жобаларды одақ ішінде дамытуға дайынбыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз – жаңа цифрлық технология, крипто-экожүйе, финтех саласында жетекші рөл атқару. Бұл міндетті толық орындауға болады.

Өзара таласып тозбай, кеңесіп озатын саланың бірі туризм. Одақ ішінде саяхатшыны қызықтыратын жер жетеді. Тек тағы сол интеграция жетпейді. Президент мүше мемлекеттерді ықпалдастықты жеделдетуге шақырды. Осы бағыттағы жұмысты жеделдету үшін бүгін Ала-Арча резиденциясында мемлекет басшылары 15 құжатқа қол қойды. Ал төрағалық Қырғызстаннан Ресейге өтті.

Талғатбек Әбдіқожа, Ербол Дайыров, Алмас Омарғалиев, Бақытбек Нұртаев