Ақтаулық оқушы шөлейтті жерді көгалдандыру жүйеcін ойлап тапты

Ақтаулық оқушы «Смарт-бақ» жобасын жасады. Дарынды жеткіншек Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды.

Айтуынша, баламалы энергия көздері қолданылатын бақша шөлейтті аймақтарды көгалдандыру үшін қажет. Оқушының бастамасы білім ордасының ІТ-зертханасында жүзеге асты. Мұнда балалар бағыт-бағдар көрсетуші робот, боксшының жұдырық сілтеу жылдамдығын өлшейтін құрал секілді цифрлық жобалар ойлап тапқан.

Жобамыздың ең негізгі бөлшегі деп, «смарт-пальманы» айта аламыз. Ол экзотикалық әрі қазіргі кездегі нанотехнологиялармен жабдықталған.

«Смарт-бақ» ішіндегі зәулім пальма ағашы бірден көзге түседі. Экзотикалық өсімдік жапырақтары күн панелдерінен тұрады. Ашық күндері энергия ағаш түбіндегі аккумуляторларға жиналады. Өз кезегінде бақ ішіндегі көше шамдарын жарықтандыруға, өскіндерді суару үшін дала құдығынан су сорып, тазартуға да жеткілікті. Жоба авторының айтуынша, мұндай тәсілді қазір араб мемлекеті қолданады. 

Ғалымжан Ідірісов, жоба авторы:

- «Шөлді жерлерді оазиске айналдырсақ қалай болады» деген ой туындады. Негізгі өскіні десек те болады, Дубайдағы жобадан алынған. Қазір ол жұмыс істеп тұр. Алайда Дубайдағы жобадан біздің артықшылығымыз үлкен масштабта қылғымыз келді. Өз ерекшелігінің арқасында ол қалада да, далада да, шөлді жерлерде де орналаса береді. 

ІТ-зертханада жүретін үйірмеге 60-қа жуық оқушы қатысады. Әрқайсының қолға алған өзіндік жобасы бар. Роботехникаға ден қойған жеткіншектің бірі Голливудтың «Жұлдызды жауынгерлер» фильміндегі R2-D2 есімді астромеханикалық дроид көшірмесін құрастырып жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Болашақ инженерлердің біліктілігі шыңдалатын мына зертхананың ерекшелігі кіреберістен анық байқалады. Мәселен, мұнда келген адамды ASEL есімді робот күтіп алады. Бұл құрылғы мемлекеттік тілде сөйлеп, гид, яғни бағыт сілтеушінің қызметін атқарады.

Дәл осы жерде жүзеге асқан қызықты жобаның бірі «Боксшының көмекшісі» деп аталады. Сырт көзге кәдімгі боксер ұрып жаттығатын қапшық тәрізді құрылғы. Адамның иегі немесе бүйрегі секілді бөлігіне 5 түрлі соққы өлшеу құралдары орнатылған. Белгілі бір уақыт ішінде қапшықтың қанша рет ұрылғаны жайлы мәліметті смартфон экранынан көруге болады.

Рамазан Қойшыбаев, роботехника үйірмесінің жетекшісі:

- «NIS-hub» атты зертхана осы жылдан бастап іске қосылды. Бұл лаборатория жалпы оқушылардың шығармашылық идеяларын жандандыру мақсатында жұмыс жасап тұр. Бұл жерде қажетті заманауи құралдардың барлығы бар. ASEL болашақта біздегі барлық техникаларды басқаратын болады. Температураны айтуы мүмкін, кондиционерді қосуы мүмкін. Қазіргі таңда ол тек гид есебінде тұр. келген қонақты күтіп алып, маска тағуын өтініп, барлық секцияларды түсіндіріп шығады.

Қазіргі уақытта оқушылар бірлесіп, кинетикалық энергия алу және оны қолдану жолдарын үйреніп жатыр. Бұл үшін арнайы макет дайындалған. Велосипедті тебу арқылы дөңгелек үйкелісінен алынған ток ойыншық машиналарды шеңбер бойымен қозғалуына мүмкіндік береді.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев