Қазақстаннан Токиоға барған оқушылар білім олимпиадасынан 4 медаль жеңіп алды

Токио төрінен ақжолтай ақпарат келіп жетті. Химия пәнінен 53-халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар 3 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алды. Осылайша білім бәйгесіне бақ сынауға аттанған үміткеріміздің төртеуі де тұғырдан көрінді. Жалпы биыл өзге пәндер бойынша да қазақстандық оқушылар халықаралық додаларда жүлдеге ілінді. Ал білім саласының кей мамандары олар жеткілікті дәрежеде дәріптелмей жатыр деген пікір айтады.

Данат Дүйсенбеков 7-сыныптан бастап математикадан халықаралық олимпиадаларға қатысып келеді. Биылғы жетістігі күміс жүлде. 11 жыл бойы Білім инновациялар лицейінде оқыған. Ал соңғы 12-сыныпты халықаралық Спектрум мектебінде тәмамдады. Болашақта да бұл саладан алыстамаймын дейді. Сондықтан құжатын Ұлыбританияның әйгілі Кембридж университетіне математика мамандығына тапсырыпты.

Данат Дүйсенбеков, математикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері:

- Комбинаторика деген сала ұнайды. Және сан теориясы деген сала бар, сол ұнайды. Менің ойымша, Қазақстан олимпиадаларда мықты. Мысалы, өткен Имода біз бірінші 20 мемлекеттің арасына кірдік.

Данаттан бөлек биыл қазақстандық дарынды оқушылар математикадан халықаралық олимпиадада тағы 5 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын жүлде. Бұдан бөлек 2021 жылы Қазақстан командасы физикадан 5, информатикадан 4, биологиядан 3 және лингвистикадан 1 медаль еншіледі. Оған жас химиктердің бүгінгі 4 жүлдесін қосыңыз.

Тимур Нұркешов, «ДАРЫН» РҒПО директоры:

- Орталығымыздың күшімен ондаған мың мектеп оқушылары аудандық, аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі әртүрлі зияткерлік жарыстар мен сайыстардан өтті. Қазақстандық таланттар халықаралық аренада ел намысын лайықты түрде қорғап, ұлттық құрама қазынасына түрлі деңгейдегі 500-ден астам медальға қол жеткізді. Өткен жылмен салыстырғанда негізгі халықаралық олимпиадаларда былтыр 12 медаль болса, биыл 20-дан асатын медальге ие болды.

Білім саласының кей мамандары Токиодан жеткен жаңалық спорт сайыстарының көлеңкесінде қалады деп қынжылады. Мәселен, химик әрі бас қаладағы 90-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы химиядан Қазақстан құрамасы осыған дейін де 2 алтын, 2 күміс еншілегенін айтады. Алайда оқушылдардың осы тектес жетістіктері көп жағдайда жеткілікті дәрежеде дәріптелмейді дейді.  

Аятжан Ахметжанұлы, қалалық №90 гимназияның директоры:

- Соңғы 10 жылда Қазақстанның пәндік олимпиаданың деңгейі едәуір деңгейде өсті. Математика, физика, информатикадан да жүлде салып жатқан балалар көп. Өкінішке орай, олардың дәріптелуі, халықтың назар аударуы жоқ. Ішкі кеңістік ондай олимпиаданың бар екенін де білмейді. Ақпарат құралдары мүлде дәріптемейді. 

Егер дарынды оқушыларды насихаттап, уақытында бағаламасақ олар шетел асып кетеді дейді маман. Мәселен, химия олимпиадасында топ жарған екі жас химикке АҚШ пен Оңтүстік Корея грант ұсыныпты. Сондықтан халықаралық білім бәйгесінде жүлделі болғандарға және олардың ұстазына мемлекет тарапынан қолдауды күшейту керек деп санайды. Сондай-ақ аудандық және облыстық деңгейдегі кезеңдердің әділ өтуін де атап өтті.    

Аятжан Ахметжанұлы, қалалық №90 гимназияның директоры:

- Токиода 21 жылғы халықаралық химия олимпиадасы. Сол секілді жылда пәндік олимпиаданың жүлдегерлеріне мемлекеттен үлкен шарт-жағдайлар жасалуы керек деп ойлаймын. БАҚ нақты тапсырма берілуі керек. Мына балалар көрсетілуі керек, дәріптелуі керек. Өйткені бұл балаларға мотивация. Пәндік олимпиада ғылымның ең алғашқы тетігі. Бұл нәрсеге көңіл бөлмеу – мемлекет тарапынан дарынды ұрпаққа көңіл бөлмеу деп айтқым келеді. 

Аятжан Ахметжанұлы елімізде өтетін олимпиадалардың санын әр пән бойынша екіден асырмауды ұсынады. Бұл саннан сапаға өтуге көмектесетін көрінеді. Айтпақшы, халықаралық білім додасында жүлде алған оқушылар елімізде автоматты түрде жоғарғы оқу орнының грантына ие бола алмайды. Әзірге мұндай жүйе жалғыз Назарбаев университетінде бар.