«Үздік педагог - 2021» республикалық байқауы қорытындыланды

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауы қорытындыланды. Нәтижесінде 64 ұстаз бұл атаққа лайық деп танылды. Олар қомақты қаржылай сыйлықпен қатар арнайы төсбелгіге ие болды. Үздік мамандар қатарында елордалық Бағдина Секербек пен Шолпан Бабаева да бар. 

Шолпан Бабаева педагогтар әулетінен шыққан. Еңбек өтілімізді қоссақ, ғасырдан асып жығылады дейді ол. Бастапқыда Шолпан ІТ-саласындағы мамандықты таңдап, 7 жыл бойы инженер-бағдарламашы болып жұмыс істеді. Алайда уақыт өте келе еліміздің ағарту саласына үлес қосамын деген мақсат пайда болды. Біліктілігін жетілдіріп, білім беруге бет бұрған. Бүгінде оқушыларының жүрегінен орын алған қадірлі ұстаз елордадағы көлік және коммуникация колледжінде дәріс оқиды.

Шолпан Бабаева, көлік және коммуникация жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

- Білім саласында еңбек ету маңдайыма жазылған екен. Міне соңғы 10 жыл бойы «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының арнаулы мамандықтар пәндерінің оқытушысымын. Жаңа дүниені зерделеу, өз білімің мен тәжірибеңді бөлісу барлық уақытта да жанымның қалауы. Ал педагог мамандығы үздіксіз білім алу және өз-өзіңді жетілдіру екендігі сөзсіз. Әсіресе бұл өте уақыт өткен сайын өте жылдам өзгеріп отыратын ақпараттық технологиялар саласына қатысты болса.

Бағдина Секербек хореорграфия мұғалімі. Ол 28 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнап, 4 мыңға жуық шәкірт тәрбиелеген. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген жас өнерпаздар бүгінде талай додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр.

Бағдина Секербек, №1 балалар музыка мектебінің хореография бөлімінің меңгерушісі:

- Жыл сайын біздің бөлім оқушылармен байқауларға шығады: қалалық, республикалық, халықаралық. Жыл сайын біздің балалар жеңімпаз аталады, үлкен дәрежелері мол мұғалімдер жұмыс істейді. Өз білгендерін балаларға үйретуге тырысады. 

Айта кетерлігі, 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдер мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған. Кейін дүниежүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. 

Әнел Еділқызы, Ержан Рахманбердиев

Сондай-ақ...