«Болашақ» арқылы тағылымдамадан өткен анестезиолог ел игілігіне жарап жүр

2 мыңға тарта маман «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде тағылымдамадан өтті. Олардың қатарында елордалық анестизиолог Ерлан Құсаев та бар. Білікті маман кореяның тәжірибесін үйреніп келіп, ел игілігіне жаратып жүр.

Елімізде балалар анестезиологы тапшы. Салада 19 жыл еңбек еткен Ерлан Құсаев мәселенің өзектілігін біледі. Сол үшін 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы Сеулде тағылымдамадан өтуге шешім қабылдайды. Мақсаты айқын дәрігер бас-аяғы үш айда кәсіби біліктілігін жетілдіріп, елге оралған. Қазір тұрмыстық жарақат алған балалардың операциясына қатысады. Оларды аяғына тік тұрғанша бақылайды. 

Ерлан Құсаев,  №2 қалалық балалар ауруханасының анестезиолог-реанимотологы:

- Біздің аурухана балаларға хирургиялық көмек көрсететін жалғыз балалар клиникасы болып келеді. Операция жасап қою ғана емес қой мақсат, одан кейінгі жансыздандыру, наркоз беру, шығару, сол мақсатта өзім Кореяда болғандықтан ол жақта ауырсыну белгісіне көп көңіл бөледі.

«Болашақ» түлектерінің 7 проценті медицина мамандары. Олардың 545-і тәжірибелі дәрігерлер. 135-і медициналық жоғары оқу орындарында жұмыс істеп, маман дайындап жүр. 

Данияр Мұқитанов, халықаралық бағдарламалар орталығының вице-президенті:

- Тағылымдамаға сұраныс көп. Қазақстандықтар үздіксіз білім алуға құқылы. Біз мамандарды бірнеше категория бойынша дайындап жатырмыз. Бұған мемлекеттік қызметкер, медициналық қызметкер, мәдениет және спорт қызметкерлері  және педагогтарды дайындаймыз. 

Енді жыл сайын 500 ғалым да шетелдік белді ЖОО тағылымдамадан өте алады. Бұл жаңалық мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылды. Демек, елдегі білікті мамандар қатары толыға бермек.

Мерей Мұратханқызы, Жандос Сұлтанғазы