Елімізде техникалық мамандықтарды қолға алатын кез келді

2025 жылға дейін Қазақстанда әлемдік беделі бар бес университеттің бөлімшесі ашылады. Екі оқу ордасы батыс өңірде бой көтереді. Сөйтіп елде техникалық мамандықтарға барынша көңіл бөлінеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында мәлімдегені болатын, деп хабарлайды Хабар 24.

Сонымен қатар ел Президенті білім саласын дамытуға жол ашатын бірқатар тапсырма берді. Қолжетімді әрі сапалы білім. Бұл – Мемлекет басшысы ұстанған басым бағыттардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев салаға көзқарасты өзгертуге шақырды. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетіп, техникалық мамандыққа мән беретін кез келді. Инженерлер мен өнеркәсіп өкілдеріне басымдық беру керектігін айтты Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Жуықта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғару оқу орындарының филиалдары ашу басталды.

Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде елде білім сапасын арттыру үшін бірқатар өзгеріс енгізілді. Мемлекеттік бақылау күшейтіліп, құзырлы министрлік осы бағытта қыруар жұмыс атқарды. Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия былтыр елдегі 130 университеттің 15-ін жапты. Кейбір мамандықтар жойылған.

Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:

– Онда оқыған 100 мыңнан аса студенттер басқа ЖОО ауыстырылды. Әрине ауыстыру барысында министрлік өз тарапынан көмек көрсетіп, басқа ЖОО бірлесе отырып, осы студенттерге олардың білім беру бағдарламаларын айқындауға, пәндерін оқуға, оқу ақысын сақтауға, грант негізінде оқыса, гранты міндетті түрде сақталады. Сондықтан бұл жерде жүйелі жұмыс жүргізілді.

Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру мұғалімдерге тікелей байланысты. Осы ретте Мемлекет басшысы білікті ұстаздарға жағдай жасау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан арнайы қолдау пакетін әзірлеп, мұғалім жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтарды тартатын арнайы бағдарлама жасауды ұсынамын. Жоғары оқудың қолжетімділігі де өзекті мәселенің бірі болып тұр.

Сапалы білімге қолжетімділік бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Экономиканың нығаюы үшін жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікке жол ашу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Саят Башимов