Елордада 1 қыркүйектен бастап «Саз әлемі» орталығы ашылады

Үйдің іргесінен қосымша білім беру орталығы ашылса, кез келген ата-ана қуанады. Бағасы қолжетімді болса, қуанышты еселей түсері анық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осындай «Саз әлемі» атты музыкалық білім беру орталығы елордадағы тұрғын үй кешенінің 1-қабатына жайғасты. Орналасқан жері мектепке де жақын, тұрғындарға да қолайлы. Әзірге бас қаламызда 10-нан аса қосымша білім беру орталығы бар. «Балалар жылында» олардың санын көбейту – құптарлық іс екенін айтады музыка мектебінің өкілдері.Бұл жерде балалар ән сабағымен қатар домбыра, гитара, фортепиано, саксофон секілді саз аспаптарында ойнауды үйренеді. Ермек Серкебаев атындағы №3 Балалар музыка мектебіне қарасты Орталықта кәсіби мамандар тәлім береді. Мақсатымыз балаларды ерте жастан ұлттық өнерге баулып, шығармашылық дағдыларын дамыту, – дейді музыка мектебінің жетекшісі.

Сергей Лизунков, Е.Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің жетекшісі:

– Қала үлкейген сайын балалардың мәдениет, өнер, музыка салаларында білім алуын қолжетімді ету қажеттілігі туындайды. Бүгін Мұхамедханов көшесі 16/2 мекенжайында бөлімшеміз ашылды. Дәстүрлі аспаптарды үйретумен қатар заманауи медиатехнология орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда балалар дыбыс өңдеу, дыбыс режиссурасы негіздерін оқиды.

«Саз әлемі» музыкалық білім беру орталығына балалар 1 тамыздан бастап қабылданады. Алғашқы кездесуде ұстаздар баланың қабілет-қарымына назар аударады. Бағыт беріп, әрі қарай өнерін шыңдауға көмектеседі. Бұл жас өреннің жалпы дамуына ықпал етеді, – дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсима Бимендина

Әсима Бимендина, Нұр-Сұлтан қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

– Бүгін қуанғаным, мынау балаларға қосымша білім алуға жағдай жасалып жатыр. Өйткені мынау музыкалық мектептер, басқа да қосымша білім беретін мекемелерде өздерінің ғимараттары жетіспейді. Балалардың саны көбейіп келе жатыр. Ертең осы балалардың ішінен белгілі композитор, суретші шыға ма, оның барлығы өте керек тәрбие жұмысы деп ойлаймын.

Орталық 100-ге жуық баланы қабылдай алады. Қызмет құны әр балаға айына 10 мың теңгеден аспайды. Елордалық әкімдік қала күніне орай балаларға осындай сый жасады.

Авторлары: Рухани Асқар, Асхат Қарақойшиев