Ауыл мұғалімі Оңтүстік Калифорния университетінде білім алады

Ауыл мұғалімі Оңтүстік Калифорния университетінде PhD докторы бойынша білім алуды жалғастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маржан Ержан Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы елді мекеніндегі орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Ол жақында Лос-Анджелестегі беделді жоғарғы оқу орнына қабылданды. Ал бұған дейін Ұлыбританиядағы Куин Мэри атындағы университеттің магистратурасын тәмамдаған болатын. Енді оқу-ағарту саласын басқару мамандығы бойынша білімін жетілдірмек.

Маржан Ержан, математика пәнінің мұғалімі:

– Біздің ел – мүмкіндіктер елі. Даму үстінде ел дегенмен, шынымен де біздің елде мүмкіндік көп.Оқимын деген адамға, үйренем деген адамға мемлекет барлық мүмкіндік жасап тұр. Грантпен оқытып тұр. Қазақстанда болсын, мейлі шет елде болсын.

Маржан Ержан осы айтқанын шәкірттеріне де сан мәрте қайталайды. «Жетістікке жетудің бір ғана жолы бар. Ол үшін тынбай еңбектену керек», – дейді. Өзі ұстаздық жолға түскеннен кейін сапалы білім беру үшін ең алдымен біліктілікті көтеру қажеттігін бірден түсінеді. Сөйтіп Ұлыбританияның Куин Мэри атындағы университетінің магистратурасын аяқтайды. Содан кейін ауыл мектебіне келіп, ұстаздық етеді. Ұстаздық етіп жүргеніне де 10 жыл болыпты.

Ол сыныпта отырған әр оқушысын назардан тыс қалдырмайды. Сабақты қалай түсінгенін осылай жанына келіп сұрауды әдетке айналдырған.   

Маржан Ержан, математика пәнінің мұғалімі:

Ғылымда жүрем деп ойлайтынмын. Бірақ ауылды жерде қызмет жасай отырып, біздің ауылды көтеру, қазақты көтерумен тең екен және ауылды жердегі ғылым, білім саласындағы олқылықтарды азды-көпті маман ретінде түйгендерім бар ғой. Соны көтеру үшін оқу ағарту саласын басқаратын маман болған дұрыс екен.     

Міне, енді араға 5 жыл салып тағы оқуға аттанбақ. Бұл жолы таңдауы Оңтүстік Калифорниядағы жоғарғы оқу орнына түсіп отыр.

Маржан Ержан, математика пәнінің мұғалімі:

– Докторантураға түсу оңай болған жоқ. Докторантура талабы да біршама ауыр. Арнаулы өзіңнің айналысқан мақалаларыңыз болу керек. Сонымен қатар университет талабына сай IELTS 7 жоғары бағаңыз болуы керек. Сонымен қатар университет талабы бойынша 2-3 эссе жазу керек және сізді оқытқан шетелдегі және Қазақстандағы профессорларыңыз уафенс беруі керек.

Маржан Оңтүстік Калифорния университетінде үш жыл оқиды. Докторантура бойынша білім алғанннан кейін ол осы Жібек жолы ауылындағы мектебіне қайтып келуді мақсат етіп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев