Үш облыста жол жабылды

Бұрқасын мен жолдың көрінбеуі салдарынан Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Ақмола облыстарында көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram-каналында жарияланған мәліметінші, бүгін сағат 08:20-дан бастап Шығыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты респбуликалық маңыздағы жолда шектеу енгізілді.

Нақты айтсақ, Алматы-Өскемен бағытындағы жолдың 971-1048 шақырым аралығында, яғни Ұлан және Қалбатау ауылдарының арасында бұрқасын мен жолдың көрінбеуіне байланысты барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелді.

«Ақмола облысының Нұр-Cұлтан-Петропавл бағытындағы жолдың 18-231 шақырым аралығында, «ҚазАвтоЖол»ҰК-ның ақылы жол дирекциясына жататын Нұр-Сұлтан-Щучинск бөлігінде сағат 09:10-нан бастап барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылды», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында да бұрқасын күшейіп, жолдың көрінбеуіне байланысты «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автожолында Қандыағаш-Қарауылкелді учаскесінің 97-250 шақырым аралығында барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылып отыр.