Қытайлық майнерлер Қазақстанға ағылуы мүмкін

Қытай компанияларының бірі Қазақстанға майнингке, яғни криптовалютаға арналған 320 құрылғы әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоспарда тағы 3 мыңға жуық құрылғы әкелу көзделген. Бұл туралы сарапшы Андрей Чеботарев айтты. Қазақстан криптовалюта өндіру бойынша әлемде төртінші орында. Ал қытайлық майнерлердің Қазақстанға келуі криптавалюта нарығына қалай әсер етеді?

Қытай компаниялары криптовалюта өндіру үшін Қазақстанға ағылған жағдайда елімізде майнингке салынатын салыққа қатысты талқылаулар жаңа қарқын алуы мүмкін. «Салықтың бұл түрі біздің бюджетіміз үшін жақсы қайнар көз болады», - дейді мамандар. Қазір Қытайдағы майнерлер Қазақстанмен қатар АҚШ және Канадаға көшіп жатқан көрінеді.

Алғашқы криптомонетаның танымалдылығының артуы Қытай үкіметін шектеу шараларын қабылдауға мәжбүрледі. Сарапшылар осылай дейді. Әзірге шектеулер майнингке, яғни криптовалютаны өндіруге ғана қатысты. Бірақ мамандардың айтуынша, Қытай мұнымен шектелмейді. Биткоин өндіру үшін пайдаланылатын есептеу қуатының көлемі бір айда 48%-ке төмендеді. Соңғы екі аптада ҚХР-дың төрт провинциясының билігі криптовалюталарды өндіруге тыйым салды. Айта кетерлігі, тек Шыңжаң мен Сычуанда әлемдегі барлық Bitcoin-нің үштен бірі өндірілді. Осыған байланысты майнерлер Қытайдан жаппай кетіп жатыр. Жалпы Қытайда майнинг жайы мәз емес. Жақын арада елдегі Bitcoin өндіру қуатының 90%-ке жуығы жабылады. Дәл қазір фермалардың 70%-інің электр қуаты өшірілген. Бірақ әлемдегі барлық басқа майнерлер үшін бұл жақсы жаңалық. Өйткені биткоин өндіретін негізгі ойыншы нарықтан кетеді. «Сондай-ақ бұл Қазақстан үшін де жақсы мүмкіндік», - дейді мамандар.

***

Биыл елге келетін шетелдік туристер саны екі есе артады

Шетелдік турист Қазақстанда жергілікті туристке қарағанда жеті есе көп ақша қалдырады. Бұл туралы Kazakh Tourism хабарлады. Ұлттық компанияның дерегінше, Ресей мен Орталық Азиядан келгендердің орташа чегі $160 болса, басқа елден келген қонақтардың шығыны $1 мың асады. Дегенмен, салада әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер бар. Солардың бірі – туристерді орналастыру орындарының тапшылығы. 2021 жылдың алғашқы үш айында орналастыру орындарының саны біршама өскен. Бірақ туристер бұрынғыға қарағанда әлі де аз. Бұл елімізде енгізілген шектеу шараларымен байланысты. Жалпы былтыр Қазақстанға 252 мың шетелдік турист келген. Бір қызығы, Ұлттық компания «биыл шетелдік қонақтардың саны бұдан екі есе көп болады», деп болжап отыр. Мамандар жаппай вакциналау компаниялары бұл бағыттың дамуына оң серпін береді деген сенімде. Ал Қазақстанның туристік бағыттары тізімінде Бурабай, Имантау-Шалқар, Баянауыл, Маңғыстау, Алакөл, Балқаш курорттық аймақтары және Байқоңыр бар.

***

Байқоңырға туристік жолдамалар көбейеді

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыруды тамашалайтын туристер көбейеді. Еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осы бағытта туристер ағынын арттыруға шақырды, деп хабарлады «Интерфакс-Қазақстан». Министрдің пайымдауынша, Қазақстан Байқоңырдың экономикалық әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Сондықтан бұл аймақты туристер үшін тартымды бағыт ретінде қарастырылады. Бұл туралы ол Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресейдің Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысында хабарлады. Министрдің айтуынша, биыл Байқоңырдан 15 зымыран ғарышқа ұшырылады деп жоспарланған.

Ал енді валюта бағамына тоқталсақ, Ұлтық банктың хабарлауынша, доллар 425 теңге 75 тиын. Еуро 508 теңге 22 тиын. Ресей рублі 5 теңге 9 тиын.