Қазақстанның әуе компаниялары пандемиядан әлі есін жиған жоқ

Қазақстан әуе компаниялары қыруар шығынға батып жатыр. 2021 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде шығын көлемі 12 миллиард теңгеге жеткен. Яғни отандық компаниялар өткен жылғы жағдайдан кейін әлі есін жиған жоқ.

Айта кетейік, былтыр короновирусқа байланысты әуе рейстері толықтай дерлік тоқтатылған болатын. Ол кезде шығын көлемі 350 миллиард теңгеден асып түсті. Қазіргі таңда ішкі бағыттар бойынша ұшақтар қатынап жатыр. Ал халықаралық рейстер 23 процентке ғана жанданды. Бұл әуе компанияларын кәдімгідей тығырыққа тіреді. Мәселен, «Air Astana» жолаушыларының 27 процентін, ал «SCAT» жартысынан астамын жоғалтты. Әзірге шығынын жауып, біртіндеп пайда көріп жатқан жалғыз компания бар. Ол «Qazaq Air». Өйткені аталған әуе компания ішкі рейстерді ғана орындайды. 

Тимур Тілегенов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті басқармасының жетекшісі:

- «Ашық аспан» режимі нарыққа жаңа әуе компанияларын тартып, жаңа бағыттарды ашады деп үміттенгенбіз. Халықаралық тасымалдаушылар үшін барлық шектеулер алынып тасталды. Бірақ коронавирусқа қатысты жағдай жоспарымызды жүзеге асырмады. Мәселен, пандемияға дейін біз 26 елмен байланыс орнатқан ек. Яғни аптасына 99 бағыт бойынша 440 рейс қатынады. Ал қазір 13 елмен ғана әуе қатынасы жанданды. 26 бағытқа қатынаймыз. Әуе рейстерінің саны аптасына небәрі тек 104.