Мамин: Қазақстан экономикасы жыл басынан бері қайта өсім жолына түсті

Азық-түлік бағасына инфляция 10,7%-тен 9,8%-ке дейін төмендеген.

Мұндай деректі Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысы кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл нан өнімдері, ет және көкөніс бағасын реттеудің көмегімен мүмкін болды. Іскерлік қатынастың реттелуі, табыс көзінің жандануы, импорт өсімі – осының барлығы азық-түліктік емес тауарлардың инфляциясын жоғарылатты. Өсім 5,6-дан 6,4%-ке дейін жеткен. Жалпы сәуір айындағы жылдық инфляция деңгейі 7% деңгейінде сақталып отыр. Үкімет отырысының қорытындысында премьер-министр Асқар Мамин Қазақстан экономикасы жыл басынан бері қайта өсім жолына түскенін жеткізді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Қабылданған шаралардың арқасында экономика, оның ішінде қызметтер мен тауарлардың өндірісінде өсімнің оң қарқыны қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында өндірістің өсу қарқыны 0,7%-ті құрады. Экономиканың қалпына келу серпіні өндірістің барлық салаларында байқалды. ЖІӨ өсуіне шикізаттың емес секторы ең үлкен үлес қосты. Биылғы жылдың 4 айының нәтижесі бойынша өңдеу өнеркәсібінде өсім 7,7%-ті құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары өсу қарқыны.