Италиядағы Еуразиялық экономикалық форумда пандемиядан кейінгі экономикаға көшу талқыланды

Италияның Верона қаласындағы Еуразиялық экономикалық форумда пандемиядан кейінгі жаңа экономикаға көшу мәселесі талқыланды. Бизнес, саясат және қоғам өкілдері бас қосқан кездесудің басты тақырыптары, экономиканы қалпына келтіру, логистикалық жобалар және әлеуметтік тепе-теңдік болды. Осымен бірге энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі интеграциялық процестер де талқыланды.

Веронадағы форум офлайн форматnа өтіп жатыр. Індетке қарамастан еуразиялық серіктестікке қызығушылық жоғары. Кездесу ірі аймақтық бірлестіктердің өзара ықпалдастығы мәселесін талқылаумен ашылды. Басты тақырыптың бірі пандемия салдарымен күрес. Індет әлемдік сауда айналымына орасан зиян келтіріп, былтыр екінші тоқсанында оның көлемі 20 процентке қысқарған. Қазақстан мен Италия арасындағы сауда байланысы зардап шекті.

Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- 2019 жылы біздің елдер арасындағы сауда айналымның жалпы көлемі 10 миллиард доллар болды. ал 2020 жылы 7,6 миллиардқа дейін түсті. қазір жағдай оңалып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында екіжақты сауда 5,7 миллиард долларға жетті. Келер жылы одан бетер жанданады деп сенеміз. 

Індеттен әсіресе пандемияға дейін интеграциялық ынтымақтастыққа ден қоймаған елдер көп жапа шеккен.

Вероника Никишина, Ресей экспорттық орталығының бас директоры:

- Індеттен Ресейдің Еуроjдақпен сауда айналымы едәуір құлдыраған. Бірақ ТМД елдерімен сауда байланысына кері ықпалы аса көп болмады. Қазақстанмен де сауда төмендеген жоқ. Бұл жүйелі сауда ынтымақтастығы тұрақты экономикалық қатынасты сақтауға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Пандемия бизнесті тиімді логистикалық жүйелерді жетілдіріп жаңа бастамаларды қолға алуға итермеледі. Мысалы, Веронада Қазақстан мен Ресей арасында агроэкспресті іске қосу талқыланды. Бұл ауылшаруашылық жүктерін жеңілдетілген тарифпен тасымалдайтын теміржол логистикалық дәлізі.

Еуропалық елдер де Еуразия арқылы логистикалық дәліздер барынша тиімді болғанын қалайды. Бірақ бұл істе өндірісті де ұлғайту маңызды екені айтылды.

Антонио Фаллико, «Еуразияны танимыз» қауымдастығының президенті:

- Біз барлық өндірісті қайта құрылымдап қазіргі тұтыну нарығын адамгершілігі мол экономикалық модельге көшіруге ден қоюымыз керек. Өндіру әдістерімен бірге оны тұтыну жолдарын да өзгерту қажет. Экономикалық тәртіпті жетілдіру керек. Еуразиялық экономикалық одақта маңызды рольге ие Қазақстан да пандемиядан кейінгі экономикаға көшуге атсалысуы тиіс.

Пандемия әлеуметтік және экономикалық теңісіздікті күшейтті. Қазір әлемде 3 миллиард адам күніне 6 долларға өмір сүруге мәжбүр. 2 миллиард адам электр энергиясына мұқтаж. Ал 1 миллиарды атын жазып оқи алмайды. Әлем елдері осы теңсіздікті жоюға күш салу керек, дейді форумға қатысушылар. 

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров