Қазақстан Қытайдағы импорт көрмесіне қатысып жатыр

Бір миллиардтан астам халқы бар Қытай нарығында қазақстандық өнімнің танымалдығын арттыру. Шанхайда ашылған халықаралық импорт көрмесіне қатысып жатқан отандық 26 компания алдына осындай мақсат қойған.

Қазақстандық экспозиция ұлттық павильондар аймағында ашылды. Пандемияға қарамастан көрмеге көп мөлшерде қазақстандық өнімді жеткізе алдық. Қытайдағы халықаралық импорт көрмесі өндірушілерге бизнес серіктестерді табуға мүмкіндік береді. Оған қоса жергілікті тұрғындарды түрлі елдердің тауарларымен таныстырады. Бұл жолы қытайлықтар еліміздің тәттілері, май, ұн, бал мен шырындардың дәмін татады.

Фэн Чэньчэнь, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің серіктес компаниясының аға менеджері:

- Ынтымақтастығымыздың ауқымы кеңейетініне сенімдіміз. Осы мақсатта байланыстарымызды нығайтып, жұртты қазақстандық өніммен көбірек таныстыру қажет. Былтыр пандемия кесірінен көрмеге көп адам келген жоқ. Биыл тауар мол. Осылайша қытайлық импорттаушылар қазақстандық өнімді өздері бағалай алады. Бұл қазақстандық тауарлар үшін Қытай нарығын көбірек ашуға көмектеседі.

Былтыр көрме аясында қазақстандық кәсіпкерлер қытайлық әріптестерімен тоқсаннан аса онлайн-кездесу өткізген еді. Биыл үміттері бұдан да зор. 

Меруерт Ерлан, қазақстандық сүт өндіруші компанияның Қытайдағы бас өкілі:

- Көрме аясында Шандунь провинциясындағы компаниямен ультрапастерленген сүттің алғашқы партиясын жеткізу жөнінде меморандумға қол қоятын болдық. Биыл наурыз айында Қытайға өнімімізді экспорттауға рұқсат алдық. 

Көрме осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шанхайда әлемнің 127 елінен келген 3 мыңдай кәсіпкер бас қосты. Мұнда азық-түлік, техника, медициналық құрал-жабдық, автокөліктер мен роботехника әкелінді. Көрме жұмысы қарашаның онына дейін жалғасады.

Ботагөз Сырғабаева