Ресейдің 76 азаматы Қазақстаннан жеке кәсібін ашқан

Батыстық санкция кесірі тиген Ресей кәсіпкерлері көрші елдерге жаппай көшіп жатыр деген ақпар қаншалықты рас? Енді Қазақстан нарығын ресейліктер дендей ме? Әлде олар экономиканы дамытуға сеп бола ма? Біздің тілшілер Қазақстанға қоныс аударған осындай бизнес иесімен тілдескен еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейлік компаниялар өз кеңселерін Қазақстанға көшіруге мәжбүр. Бизнес қыспағына түскен кәсіпкерлер Қазақстанды таңдауға бірнеше айқын себеп барын айтады. Сөздеріне сенсек, біздің елде көші-қон тәртібі қолайлы, бизнес жүргізуге жағдай жасалған әрі экономика дамыған. Көрші елдердегі дүрбелең басталғалы кәсібін тығырықтан құтқармақ боп, дүниесін буып-түюге кіріскендердің бірі – Вячеслав Никулин. Оның бизнесі Еуропадан авторлық құқығын сатып алу арқылы Мәскеуде үстел ойындары, оқу құралдарын шығаруға негізделген. Свифт, виза, мастеркард төлем жүйелері тоқтағандықтан, ақша аудару мүмкін болмай қалғанын айтады. Кәсібі Батыс компанияларымен тікелей қарым-қатынасты талап ететіндіктен, санкцияларға қатысы жоқ аумақ – Қазақстанға келуді таңдаған.

Вячеслав Никулин, ресейлік кәсіпкер:

– Ең әуелі Қазақстан үлкен әрі дамыған ел болғандықтан, біз оны хаб ретінде пайдалануды ғана емес, болашақта да бизнесімізді осы елде дамытқымыз келеді.  Қазақстан Қытай және Ресеймен шекаралас, Каспий арқылы Еуропаға өнім жеткізуге болады. Өзге көрші елдер арасынан таңдауымыздың себебі де сол. Мәселен, Қырғызстанды айтар болсақ, ол көлемі жағынан кіші әрі сыртқы елдерге шығу мүмкіндігі аз.

Вячеслав Никулин Қазақстанда цифрландыру жүйесі жақсы дамығанын атап өтті. Елге келген бетте цифрлы қолтаңба арқылы мемлекеттік қызметтер порталына кіріп, қажетті құжатын кедергісіз рәсімдей алғанына разы. IT саласында да мүмкіндік барын байқаған. IT демекші, Астана хаб өкілдері соңғы бірнеше аптаның ішінде ресейлік компаниялардан релокация жөнінде сұраныс қарша жауғанын мәлімдеді. Осы кезеңде айти-бизнесті дамытуға бағытталған отандық технопарк 500 өтінім бойынша кеңес беріп үлгерген.

Абай Әбсамет, ASTANA HUB даму және экспорт жөніндегі басқарушы директоры:

– Сұраныстың жоғары болуы Қазақстанда айти-бизнесті еркін дамытуға бар жағдай жасалғандығымен тікелей байланысты. Астана хаб – халықаралық технопарк болғандықтан, біз шетелдік компанияларды өз арамызға тартумен айналысамыз. Кейінгі уақытта Ресейдің орташа, ірі айти-компаниялары тарапынан ұсыныс артты. Бізге тиімді тұсы сол, келген компаниялар жергілікті кадрларды өз қатарына жұмысқа алады. Отандық тауарларды тұтыну арқылы да үлесін қосады.

Қазақстанға Ресейден қанша компания қоныс аударғанын дөп басып айту мүмкін емес, – дейді Абай Әбсамет. Оның айтуынша, жағдай күн сайын өзгеріп, сұраныс пен ұсыныс өңделіп жатыр. Астана хаб тиісті атқарушы органдардың көмегімен бірнеше ресейлік компанияны елордада орналастырған. Азаматтардың Ресей мен Украинадан Қазақстанға көшуіне қолқабыс етіп жүргендердің бірі – Мәскеудегі отандасымыз Арман Тосқанбаев. Бизнес-қауымдастық өкілі ретінде ол білім беру, қызмет көрсету салаларындағы 4 компанияны Қазақстанға релокациялауға көмектескен.

Арман Тосқанбаев, кәсіпкер:

Қазіргі күнде Ресей кәсіпкерлеріне Қазақстанға көшу ыңғайлы болып тұр. Неге, өйткені, ол жақта қазір виза, мастеркард және тағы да бір өзінің шектеулері бар свифт бойынша. Ал ондай шектеулер Қазақстанда жоқ, ол бір жағынан. Екіншіден, Қазақстан нарығында өте көп ыңғайлы жағдайдар жасалған кәсіпті дамытуда, айти саласында. Бұл менің ойымша, бізге жаман әсерін тигізбейді. Бұл жерде тек санкцияға түспейтін кәсіпкерлерге ғана көмектесеміз.

Белгілі саясаттанушы Андрей Чеботарев санкцияға іліккен ресейлік компаниялардан күтіктенеді. Ол елімізге келуге ниетті кәсіпкерлерді екі топқа бөледі. Біріншісі – банк жүйесі бұғатталғандықтан, халықаралық міндеттемелерін орындау мүмкіндігінен айырылған компаниялар. Олар бізде кеңсесін ашу арқылы жұмысын жалғасыруды көздейді. Екінші топ – санкцияларды айналып өту үшін Қазақстанды пайдаланушылар. Мәселен, АҚШ-тан тауарды Қазақстанға жеткізіп, артынша Ресейге қайта экспорттау арқылы айласын асыратындар пайда болуы мүмкін. Мұндай әрекет Қазақстан эконмикасына салқынын тигізеді.

Андрей Чеботарев, сарапшы:

– Кеден және салық органдарының бақылауы мұқият болуы шарт. Егер қандай да бір салада импорт күрт өсіп, ол тауар әрі қарай Ресейге жөнелтіліп жатса, ойлану керек. Қайта экспорттаумен айналысатын компаниялар біз үшін қауіп.

Бұл ойланатын мәселе. Дегенмен бәрін уақыт көрсетеді. Әзірге белгілісі, бір айға жетер-жетпес уақытта Қазақстанда 76 Ресей азаматы жеке кәсіп ашқан. Көрші елдің азаматы басқаратын 162 заңды тұлға тіркелген.