Еуроодақ Қазақстанмен байланысын жасыл энергетика бағытында дамытуға ниетті

Еуропалық Одақ Қазақстанмен байланысын жасыл энергетика және жасыл экономика бағытында дамытуға ниетті. Бұл туралы аталған ұйымның еліміздегі Елшісі Кестутис Янкаускас мәлімдеді. Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатына барған дипломат, өндіріс ошағының жұмысымен танысып, нысанның қуаттылығын көзбен көрді. Экскурсияға Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Андре Карстенс те қатысты.

Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзіндік орыны бар алып металлургия кешеніне ат басын тіреген мәртебелі меймандарды нысанның бас директоры Биджу Наир қарсы алды. Қонақтар алдымен Еуразия құрлығында теңдесі жоқ №3 домна пешімен танысты. Ол жылына миллиондаған тонна шойын қорытады. 

Андре Карстенс, Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Маңайымызға қарап, жұмыстың бәрі сапалы әрі таза жағдайда жасалып жатқанын байқаймыз. Біз «АрселорМиттал» компаниясымен тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізді үнемі қолдап жүреміз. Әрі осындай мықты кәсіпорынмен мақтанамыз. 

Елшілер зауыттың барлық өндірістік процесімен танысып, осында шығып жатқан дайын өнімдерді де көзбен көрді. Айта кетейін, аталған комбинаттың цинктелген металл өнімдері әлемнің 80 еліне экспортталады.

Кестутис Янкаускас, Еуроодақтың Қазақстандағы Елшісі:

- «АрселорМиттал» бүгінде Еуропа нарығына қызығушылық танытып отырған жетекші компаниялардың бірі. Ал Қазақстан заманауи технологияларды дамытып, жұмыс орындарын көптеп ашуға мүдделі. Алдағы уақытта бұл мәселелерді ел Үкіметімен талқылауға ниеттіміз. Сөйтіп, әріптестіктің жаңа салаларын игеру ойда бар.

«Зауыттың әсіресе «жасыл энергетика» саласында әлеуеті жоғары», - дейді шетелдік қонақтар.

Компания басшылығы мен дипломаттар осы және өзге де ынтымақтастық мәселелерін кәсіпорын қабырғасында бірге талқылады. Жалпы соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» залалсыз өндіріске бет алып келеді. Мәселен, металлургия комбинаты алдағы жылдары газға көшуді жоспарлап отыр. Ал 2050 жылға қарай нысан көміртегі шығарындыларынан бейтарап болуды көздейді. 

Дамир Берікұлы, Азат Аитов