Елімізде онлайн төлем артып келеді

Осыдан 6 жыл бұрын қазақстандықтардың 90%-і төлем карталарындағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, содан соң жұмсайтын. Жыл өткен сайын жағдай өзгеріп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен биыл банкоматтардан 16 трлн теңге алынған. Бұл азаматтарға тиесілі қаржының тек 18%-і ғана.

Ақтөбелік Жібек Аралбайда бірнеше банк картасы бар. Бірақ оларды сирек қолданады. Тіпті, жалақыны да қолға алғанды құп көреді. Себебі біраз жылдан бері тек қолма-қол ақшамен төлем жасауға шешім қабылдаған. Мұның пайдасы көп дейді.

Жібек Аралбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Маған қолма-қол ақшамен төлем жасаған ыңғайлы. Бұл шығындарымды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары өзіме қажет емес дүниелерге ақша жұмсаудан тыйылдым. Шығын мен табысымды есептеп отырамын. Оның оң нәтижесін жақындарым да байқады.

Бірақ Жібекпен пікірлес жандар көп емес. Мамандардың есебінше, елде 70 млн-ға жуық банк картасы тіркелген. Яғни, әрбір қазақстандықта оның 2-3-еуі бар. 9 айда жалпы көлемі 72 трлн теңгеге транзакция жасалды. Бұл былтырғыдан 44 процентке көп. Төлемнің 80 проценті интернет арқылы жүзеге асты.

- Азық-түлік бар, жаңағыдай автобустағы төлемдер бар. Біреуге мысалы ақша тастайтын болсаң, оны да кюармен төлей саласың ыңғайлы. Мына жерде бәрі соткада.

- Картада ақша жатса, ол тез кетеді. Қолда болғанда салып қоясың, ол тұра береді. Керек кезде ғана аласың болды.

- Мен күнделікті өмірде банк карточкасымен қолданам. Ол өте тиімді. Біздің мектептің өзінде асханада біз картамен төлейміз.

- Бір жерлерге барсақ, интернет болмай қалады ол кісілерде или біздің интернет істемей қалған жағдайда біз алуымыз керек затты аламыз ғой сондай жағдайларға ұстаймын наличканы шамалап енді, көп емес.

Ұлттық банк есебінше, елде пандемия жылдары қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі еселеп артты. Бұл әлемге ортақ тәжірибе. Бірақ, қағаз ақша айналымнан кетпейді. Қаржыгерлер оның көлеңкелі экономика үшін де маңызы жойылмағанын айтады. 

Рамазан Досов, Қазақстан қаржы қауымдастығының сарапшысы:

- Әрине, қағаз ақшаны қолданатын адамдар бар. Оның бәрін тек зейнеткерлер деп айта алмаймыз.  Өйткені көлеңкелі сектордың барын білеміз. Салықтан жалтару үшін төлемнің осы тәсілін пайдалану тиімді оларға. Ондай адамдармен күресу оңай емес. Десе де 9 айда елдегі банкоматтардан 16 трлн теңге шешілді. Бұл керемет көрсеткіш. Оған бір жағынан қаңтар оқиғасы әсер етті. Қор жинап, ақша сақтауды әдетке айналдырған қазақстандықтар бар.

Қаржылық сарапшылардың сөзінше, еліміз қолма-қол ақшасыз төлем бойынша көш басында тұр. Биыл оның үлесі 82 %-ке жетті. Үздіктер қатарында мегаполистер. Тек теріскей мен шығыста қарқын бәсең. Қолға алынған ақша үлесі 1 трлн теңгеге көбірек. Оның себебін маман түсіндіріп кетті. Ал Ұлттық банк өз кезегінде экономиканың қолма-қол ақшаға деген қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз етеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы