Junior Eurovision 2021: қазақстандық қатысушылардың дайындығына жоғары баға берілді

«Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалына екі күн қалды. Бүгін түн жарымынан бастап қатысушыларға интернет арқылы дауыс беруге болады. Өнер додасында Қазақстан атынан сынға түсетін Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин соңғы дайындықтарын пысықтады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қазір біз France 2 телеарнасы студияларының біріндеміз. Біздің түсірілім тобына сахна жаққа шығуға рұқсат етілді. Бекнұр мен Әлинұрдың көңіл-күйі көтеріңкі. Еш қобалжу байқалмайды.

- Are you nervous?

- No. 

Бұрын-соңды ауқымды музыкалық байқауларға қатысып көрмеген Бекнұрдың сахнада өз-өзін ұстауы, батылдығы таңқалдырмай қоймайды. Құтты бір кәсіби әнші ме дерсің. Керісінше сахна сыртында тұрған анасы Зәуре уайымдап тұр. Балаларға жанкүйер болып билеп те қояды. Әлинұрдың әкесі Азамат та қобалжулы. Арасында ауылдағыларға жіберу үшін дайындық сәтін ұялы телефонына түсіріп қояды.

Сахнада екі рет ғана дайындалуға рұқсат етіледі. Өйткені уақыт тығыз, қатысушылардың саны көп. Қазақстандық делегацияның музыкалық продюсері Хамит Шаңғалиев те уақытты ұтымды пайдалану үшін балалардың жанынан алысқа кетпейді. Әнді нақышына келтіріп орындауларын қадағалап, техникалық жағын да назардан тыс қалдырмайды.

Хамит Шаңғалиев, қазақстандық делегацияның музыкалық продюсері:

- Дайындық процесі енді жақсы жүріп жатыр. Кеше біздер дайындық кезінде аздап, дыбыс жағынан ескертулер жасадық. Сосын бүгін олар түзетіп, бүгінгі дайындықта бәрі де күшті, керемет болды. 

Бұған дейін байқау қатысушылары арасында жүргізілген сауалнама кезінде Әлинұр мен Бекнұрдың әні әлсіз деп бағаланған. Бірақ бірінші дайындықтан кейін халықтың көзқарасы мүлдем өзгеріп, үздік бестікке сөзсіз кіретін ел деген шешімге келіпті. Концерт кезінде де қазақстандық өнерпаздар жоғары нәтиже көрсетеді деген зор үміт бар.

Ғалымжан Қараманұлы