Египетте туристер үшін санитарлық талаптар қатаңдатылды

Египетте бетперде тақпағандарға айыппұл салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билікті мұндай қадамға баруға індеттің күшеюі мәжбүрлеп отыр. Айыппұл тәртіп бұзылған жерде бірден жазылады. Ал оның көлемі адамның ережені қаншалықты жиі бұзғанына қарай белгіленеді.

Египетте эпидемиологиялық ахуалға байланысты тәртіп қатаңдатылды. Жаңа ереже ең алдымен шетелдіктерге бағытталған. Ондаған мың турист полицияның жіті бақылауына алынды. Себебі шетелдіктер жергілікті тұрғындарға қарағанда бетперде тақпай, сақтық шараларын 2,5 есе жиі бұзады екен. Бірақ билік: «мақсат – туристерді жазалау емес, оларды сақтық шараларын орындауға дағдыландыру», - дейді.

Мостафа Зауд, заңгер:

- Бұл шара сынақ түрінде жүзеге асырылады. Әзірге айыппұл көлемі 50 доллардан аспайды. Парламент бастапқыда оны 400 доллар етіп бекітпек болған. Бірақ қазіргі шара оң нәтиже бермесе, айыппұл көлемі өсуі мүмкін.

Ал саяхатшылардың жаңа тәртіпті бұлжытпай орындауын полиция қадағалайды. Қаңтар айынан бастап тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Шаһарларда қандай орындар бақыланатыны да белгіленген. Жағажай мен тарихи жерлерден бөлек қаланың таңдаулы аудандары да күзетіледі. Себебі соңғы уақытта бұл жерлерде жабық есік режимінде сауық кештерін ұйымдастыру жиілеп кеткен.

Марван Абугаваль, қонақ үй менеджері:

- Тәртіпті бақылау қонақ үй қызметкерлеріне де жүктелген. Егер саяхаташы шектеуді бұзып, айтқанға құлақ аспаса, полицияға хабарлауымыз керек. Яғни туристерге екі рет ескерту жасамаймыз. Шетелдіктер мұндай талапқа түсіністікпен қарауы тиіс. Өйткені қонақ үйде заңбұзушылықтар жиі тіркелсе, біздің де бизнесіміз ақсайды.

Жаңа үкімнің ерекшелігі енді тәртіпті бұзғандарға айыппұл бірден жазылады. Ал адам кінәсін мойындамай дауласып жатса, полиция бөліміне жеткізіліп, заң бұзушының тағдырын сот шешеді. Қазір санитарлық талапты жиі бұзатындарды жазалауды қатаңдату туралы жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Оған сай тәртіпке бағынбаған турист 5 күнге қамалып, 2 жыл Египет курорттарына келуіне тыйым салынады.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад