Чилиде Қытайдың вакцинасы мақұлданды

Чилиде Қытайдың «КоронаВак» екпесін шұғыл жағдайда қолдануға рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі Қоғамдық денсаулық сақтау институты Ақылдастар кеңесінің 10 мүшесі қолдап, екеуі қарсы дауыс берген және біреуі қалыс қалған. Енді 10 миллионнан астам дозаға тапсырыс берілмек. Оның 2 миллионы алдағы аптаның басында жеткізіледі. Препарат елдің 18 жастан асқан азаматтарына салынады деп күтілуде. Жалпы алдағы 3 жылда 60 миллион доза алынады. «КоронаВак» – Чилиде мақұлданған екінші екпе. Бұған дейін «Файзер-Байонтекке» рұқсат берілген болатын. Оңтүстік америкалық мемлекет қытай вакцинасын мақұлдамас бұрын клиникалық сынақтан өткізу үшін 3 жарым миллион доллар төлеген.

Хериберто Гарсия, Қоғамдық денсаулық сақтау институтының директоры:

– «КоронаВак» екпесі 78 процент жағдайда тиімділігін дәлелдеді. Енді вакцина қабылдаған адамдардың есебінен дәрігерге баратындардың қатары азаймақ. Бұл бәріміз үшін өте жағымды жаңалық.