Египетте ежелгі заман музейін ашу тағы кейінге шегерілді

Үкімет бұл нысанды елдегі ең ірі жобаның бірі деп былтыр жыл бойы дамылсыз жарнамалаған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді маусымда ашамыз деп құбылып отыр. Шенеуніктер музейге 1,5 миллиардтай доллар жұмсалғанын ашық айтады. Осылайша, туристер Тутанхамонның қабірінен алынған барлық жәдігерді тұңғыш рет бір жерден көре алады. Бұдан басқа, 50 мыңнан астам өнер туындысы назарға ұсынылмақ. Арасында перғауын Рамзес Екіншінің 90 тонналық мүсіні бар.

Ернат Мелұслы, тілші:

- Египет билігі аты дардай музейдің ашылуын әр 3 ай сайын ауыстыруды әдет қылып алғандай. Шенеуніктер коронавирус таралғанға дейін ақшаның тапшылығын сылтау қылып келді. Жергілікті жұрт індетті перғауындардың қарғысынан көреді. Себебі 20 жыл бойы музей ғимаратынан сор арылмай келеді. Әйтпесе, іргетасы сонау 2002 жылы қаланған болатын. Содан билік 2018 жылы ашпақ болған. Бірақ аяқ астынан өрт шығып, біраз бөлігі күлге айналды. Құрылыс қайта басталып, 4 жылда бітіреміз деген болатын.

Әбдел Ораби, инженер:

- Хеопс перғауын Ұлы пирамидасын салуға 20 жыл жұмсады. Біздің құрылыс та осынша уақытқа созылып барады. Әрине, бұл әзіл ғой. Бізде бәрі дайын, бірақ індет кедергі жасап тұр. Сондықтан әзірге ғимараттың кем-кетігін тағы бір пысықтап жатырмыз.

Атқамінерлер «музейді коронавирус кезінде ашу ақылға сыйымсыз» дейді. «Себебі әлемдік деңгейде шоу жасалуы керек. Сонда туристер толассыз ағылар еді», - деп армандайды шенеуніктер. Сондай-ақ Туризм министрлігі қасиетті орындарға тәу етуге арналған жобаны қолға алмақ ниетте.

Әбдел әл-Ахмед Камар, туризм бөлімінің тарихшысы:

- Бұл жоба бұрын идея ретінде ғана болатын. Енді уақыт бар кезде, оны да іске қоссақ па дейміз. Қасиетті сапар Газадан басталып, Нілдің бойымен жалғасып, Ескі Каирде аяқталуы тиіс.

Үлкен Египет музейінің аумағы 500 мың шаршы метрді алып жатыр. Бұл 4 футбол алаңына тең. Мұнда мысырлық құдайлар мен перғауындардың алтын жалатылған ондаған мүсіні тұрады. Осындай ғаламат кешен тұрғызған жергілікті шенеуніктердің бір өкініші бар. Бюджеттің қыруар қаржысына салынған музей індет болмағанда қазірден бастап айына миллиондаған доллар пайда әкелер еді.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дмитрий Лукша

Сондай-ақ...