Германияда тағы қатаң локдаун енгізілуі мүмкін

Германияда өткен аптада коронавирусты жұқтырғандар саны күрт өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің күшеюіне байланысты көптеген аймақ карантинді тағы 4 аптаға созбақ ниетте.

Германияда бірнеше айға созылған карантин жеңілдетіліп, дүкендер ашылып, мұражайлар мен сән салондары жұмыс істей бастады. Көп айдан бері Ростоктағы футбол ойынына алғаш рет көрермендер жіберілді. Бірақ ойынға 700 адам ғана кіргізілді. Берлин филармониясы да көрермендерді қабылдай бастады. Концерт көремін деушілердің корнавирусты жұқтырмағаны туралы тест қағазы болу тиіс. Мәдени орында мобильді тексеру орталығы ашылған.

Оливер Ризе, театр директоры:

- Біздің пилоттық жобамыз көп сұраққа жауап беруі тиіс. Мысалы, тестілеу мәдени өмірді қайта қалпына келтіре ме деген? Біздің ғана емес өзге де орындарда билеттер бірнеше минутта сатылып ктті. Бұл халықтың мәдени іс-шараларды әбден сағынып, рухани шөлдегенін көрсетсе керек. 

Бірақ Германияда шектеулердің жеңілдетілуі ұзаққа созылмайтын түрі бар. Бетперде тағу тәртібі сақталып, дертке қарсы тестілеу көптеп жүргізіліп жатса да вирусты жұқтырғандар саны қайта артқан. Көп аймақта жағдай нашарлады. Дәрігерлер карантинді қайта қатаңдатуды сұрап жатыр. Яғни дүкендерден бастап оқу орындарына дейін барлығы қайта жабылуы мүмкін.

Хашемиан, студент:

- Маған шетелдік студент ретінде қазір Германияда тұру қиынға соғуда. Барлық лекциялар мен семинарлар онлайн өтеді. Курстастарыммен, мұғалімдермен жүздесіп кездесе алмайсың. Оның үстіне тілді де жетік білмей, көп қиындықты бастан кешіп жатқан жайым бар.

Дәрігерлер коронавирустың жаңа штамынан Пасха мерекесіне қарай кеселді жұқтыру деңгейі күніне 30 мыңға жетуі мүмкін дейді. Қазір елде вирустың британдық штамы 72%-ке жеткен. Билік азаматтардан барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, ел ішімен бірге шетелге де саяхаттаудан бас таруға шақырып отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский