Наурызды әлемнің 30 елінде 300 млн-нан аса адам атап өтеді

Әлем жұрты Наурыз – жақсылықтың бастауы деп, жаңа жылға көп үміт артып отыр.

Былтыр көктемде коронавирус өршіп, жұрт Наурызды әдеттегідей атап өте алмады. Өйткені елдер бірінен соң бірі шектеу шараларын енгізді. Оның үстіне жаңа вирусқа қатысты ғалымдардың қолында мәлімет аз болды. Халықтың бойын үрей билеп, мейрамды атап өтетін көңіл-күй де болмады. Дегенмен бір жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Ең бастысы вакцина пайда болды. 

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, Наурызды әлемнің 30 елінде 300 миллионнан аса адам атап өтеді екен.

Бір жыл бұрын Ирандағы жағдай басқаша болатын. Былтыр дәл осы кезде Ислам Республикасы коронавирустан ең қатты зардап шеккен әлем елдерінің үштігіне кірді. Сондықтан билік Наурызға орай өңірлер арасында қатынауға тыйым салды. Қоғамдық орындарда көп адам боп жиылуға рұқсат бермеді. Биыл да мейрам кезінде шектеулер бар. Мәселен, эпидемиологиялық ахуалы нашар өңірлерге баруға болмайды. Десе де қазіргі жағдай 2020 жылдағыдай емес. Өткен жылмен салыстырғанда, сыртта жүрген кісі қарасы қалың. Көшеде сауық-сайран ұйымдастырылып, базарда тауарлардың түрі-түрі сатылып жатыр. Дегенмен кәсіпкерлер бұрынғыдай сауда жоқ екенін айтады. Олар бәріне коронавирус себеп дейді. 

БЛИЦ:

– Менің мына дүкенде жұмыс істеп жатқаныма 13 жыл болды. Біз Тегерандағы ең арзан аяқ киімдер сатамыз. Бірақ соның өзінде жұрттың бағасы қолжетімді тауар сатып алатындай ақшасы жоқ.

– Былтыр Наурыз мейрамы кезінде Иран халқы үшін қиын кезең болды.

Коронавирустан қатты зардап шектік. Бірақ жаңа жыл тек жақсылығымен келеді деп үміттеніп отырмыз. Биыл бәрі де бітсе екен.

Көрші Ирак халқы да мейрамды атап өтіп жатыр. Бірақ Иран жұрты қауіпсіздік талаптарын сақтағанмен, Ирак азаматтары бұл жайында ұмытқан сияқты. Өйткені Сүлеймания қаласының алаңында өткен сауық-сайранға жүздеген адам жиылды. Ешкім бетперде кимеген. Арақашықтықты да сақтап жатқан жоқ. Енді мамандар мұның соңы вирустың қайтадан өршіп кетуіне әкеп соқпаса болды дейді. Негізі елдегі эпидемиологиялық ахуал онсыз да қиын. Өткен аптада мұнда пандемия басталғалы ең үлкен тәуліктік өсім тіркелген болатын.

Рошна Ават, жергілікті тұрғын:

– Биыл аты жаман аурудан құтылсақ екен. Коронавирус салдарынан туындаған дағдарыс та аяқталсын. Біз бүгін барымызды киіп, көшеге шығып, көңіл көтеріп жатырмыз. Өйткені былтыр мұндай мүмкіндік болған жоқ.

Наурызды көрші ел Ресей де атап өтіп жатыр. Мәскеудегі стадионда фестиваль ұйымдастырылып, оған мыңдаған адам жиылған. Шара аясында түрлі спорттық ойындар мен жарыстар өткізілді. Сондай-ақ келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылған. Ал фестивальдерге жеке қатыса алмағандар үшін онлайн трансляция ұйымдастырылды.    

БЛИЦ:

– Бұл күні біз таза киім киіп, таза ниетпен жаңа жылға жаңа қадам басамыз. Сөйтіп мейрамды тек позитивті көңіл-күймен атап өтеміз.

– Біз туған жерімізді сағынамыз. Сондықтан осындай шаралардың арқасында өзімізді отанымызда жүргендей сезінеміз.

Мексика жұрты бүгін күн мен түннің теңелу мейрамын атап өтіп жатыр. Әдетте мерекеге орай ежелгі Теотиуакан қаласындағы пирамида маңында он мыңдаған адам жиылатын. Алайда коронавирустық шектеулерге байланысты биыл ондай ауқымды іс-шара өткізуге рұқсат жоқ. Дегенмен ел астанасы Мехикодағы Конституция алаңында жылдар бойы үзілмей келген дәстүрлі шара ұйымдастырылды. Ақ киім киген актерлер би биледі, бақсылар өздерінің ырымын жасап, тазару туралы дұғаларын оқыды.

жергілікті тұрғын:

– Бұл күні біз ән айтып, би билейміз. Бұл бақытты өмір сүріп, жыл бойы қуанышты күйде боламыз деген оймен жасалады.

Көнеден келе жатқан бұл мерекеде адамдар бір-біріне жылы лебіз білдіріп, мол бақыт пен зор денсаулық тілеп жатады. Бұл дәстүр биыл да жалғасты. Бәрінің тілегі бір – пандемияны тезірек еңсеру.