Әлем елдерінде коронавирус қайта өршіді

Әлемде коронавирус қайта өршіп, бірнеше елде шектеу шаралары күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Австралияда 2,5 миллионнан астам халқы бар, елдегі үшінші ірі қала Брисбенде бүгіннен бастап локдаун жарияланды. Иордания үкіметі де осындай қатаң қадамға баратынын мәлімдеді. Ал Бразилияда 10 күндік шектеулер басталды.

Австралия халқының 20%-і тұратын Квинсленд штатында бір түнде 4 тұрғын ковид жұқтырған. Ал Брисбен – осы аймақтың орталығы. Локдаунның аталған қалада жариялануының себебі осы. Науқастардың барлығы коронавирустың британиялық штамына шалдыққан. Брисбенде бейсенбіге дейін бетперде тағу мен көшеде себепсіз жүру қатаң бақыланады.

Аннастасия Палащук, Квинсленд штатының премьер-министрі:

- Британиялық штамм жылдам таралады. Локдаун адамдардың күнделікті өміріне кері әсерін тигізетінін жақсы білемін. Бірақ бәріміз осы 3 күннің ішінде ережелерді қатаң ұстансақ, жағдайды қайтадан бақылауға аламыз деп ойлаймын.

COVID-19 Иордания елінде де өршіп барады. Сондықтан үкімет 31 наурызда жаңа шектеулер енгізетінін ескертті. Қазір коменданттық сағат немесе белгілі бір салаларда карантин жариялау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Тіпті шектеулер мамырдың ортасына дейін созылуы мүмкін. Себебі елдегі эпидемиологиялық жағдай қатты ушығып тұр.

Сахер Дудин, Иордания үкіметінің ресми өкілі:

- Соңғы апталарда індет жұқтырғандар қатары да, көз жұмғандар саны да еселеп артты. Қазір күніне 100 адам қайтыс болып, 10 мыңға дейін науқас тіркеліп отыр. Вакциналау ісін ширатуымыз керек. 10 миллион 200 мың дозаға тапсырыс бердік. Маусымның аяғына қарай тағы 3 миллион 600 мың доза алдырамыз.

Бразилия 10 күндік шектеулерді демалыс түрінде жариялады. Бірақ бұл шара қыдыру емес, үйде отыру үшін енгізілген. Мектептердегі сабақ тоқтатылды. Барлық жағажайлар, сауда орындары мен мейрамханалар жабылды. Ең керек заттар сататын дүкендер ғана ашық. Бірақ әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу талаптары қатаң сақталуы тиіс. Ал Рио-де-Жанейро қаласында түнгі коменданттық сағат жарияланды. Себебі бұл шаһарда түрлі штамм жұқтырғандар саны 3 есе өсіп, жансақтау бөлімінде жатқан науқастар арасындағы өлім-жітім 40%-ке жеткен.

Авторы: Ернат Мелсұлы