Германия халқы Пасха мерекесін қатаң карантин жағдайында өткізуге мәжбүр

Биыл неміс халқы Пасха мерекесін қатаң карантин жағдайында өткізуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эпидахуалдың ушығуына байланысты елде бақылау күшейген. 7 қала мен муниципалитетте коменданттық сағат жарияланды.

Шолпан Найманбаева, тілші:

- Әдетте Пасха мерекесінде неміс халқы шет елдерде демалуды жөн көретін. Бірақ жергілікті билік өкілдері ел азаматтарына биыл сапарға шығудан бас тартуды ұсынды. Кеңеске құлақ асқан болар, жұрттың көбі сыртқы саяхаттан бас тартып, өз үйлерінде қалды. Жүргізілген сауалнама неміс халқының тек 2%-і ғана шетелге кеткенін көрсетті.

Пасха кезінде Балтық теңізіне барсақ па деп едік. Алайда, сапарға дайындық барысында Мекленбургтің туристер үшін жабық екенін білдік. Сөйтіп, бұл ойымыздан айныдық.

Жаңа ережеге сәйкес Германия азаматтары демалыстан немесе жұмыс сапарынан оралған соң міндетті түрде ковидке теріс нәтижелі тест анықтамасын ұсынулары керек.

Реза Амари, федералды полиция өкілі:

- Әр жолаушыда коронавирусқа теріс нәтижелі тест болуы тиіс. Және ол 48 сағат ішінде жасалуы керек. Қазір біз Шенген аумағынан келіп жатқандарды ғана жіті тексеріп жатырмыз. Өйткені Еуроодақтан тыс аймақтан ұшып келгендер кедендік бақылауда толық тексеруден өтеді.

Бірақ қандай шара қабылданса да, Германияда коронавирус жұқтыру деректерінің тоқтайтын түрі жоқ. Осыған байланысты ел билігі мейрам уақытында коменданттық сағат орнату туралы шешім қабылдады. Енді тұрғындар кешкі 22:00-ден таңғы 05:00-ге дейін сыртқа шыға алмайды. Бұдан бөлек, ас-той жасауға қатысты шектеулер де бар. Күндіздің өзінде тек екі отбасы ғана уақытта бірге өткізе алады. Дастархан басында бірнеше жанұяның жиналуына тыйым салынған.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский