Ұлыбританияда ковид-төлқұжаттар енгізілуі мүмкін

Ұлыбритания ковид-төлқұжаттар енгізуді жоспарлап отыр.

Бұл жөнінде премьер-министр Борис Джонсон баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа бастама алдымен сынақ түрінде қолға алынып, бұқаралық іс-шараларға кіру үшін талап етілетін болады. Дей тұрғанымен, сертификаттау жүйесінің қарсыластары да жоқ емес.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ковид-төлқұжаттар британдықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы мүмкін. Үкіметтегілер ел ішінде де, халықаралық деңгейде де сертификаттау жүйесінің маңыздылығы артады деп отыр. Осы мақсатта құрылған арнайы топ ковид-төлқұжаттардың экономиканы қайта жандандыруға, карантиндік шектеулерді мейлінше жеңілдетуге және қауіпсіздікті арттыруға қаншалықты көмектесетіндігін зерттеп жатыр. Жаңа жүйе жуырда 15 сәуірде «Уэмбли» футбол стадионында 2000 көрерменнің қатысуымен өтетін Англия Кубогының финалында сыналмақ.

Борис Джонсон, Ұлыбританияның премьер-министрі:

- Егер сіз бұқаралық іс-шараларға барғыңыз келсе, коронавирус жұқтырмағаныңызды 3 түрлі әдіс арқылы дәлелдеуіңіз керек болады. Біріншісі – ол сіздің иммунитетіңіз. Соңғы 6 айда ауырып шықсаңыз, ағзаңызда антиделер бар деген сөз. Екіншісіәлбетте сіздің вакцина алғандығыңыз. Үшіншісі тест. Қазір Ұлттық денсаулық сақтау қызметі ұсынғалы жатқан жедел сынамалардың нәтижесі жарты сағаттың ішінде белгілі болады.

Жаңа бастама туралы 50 мыңнан астам қоғамдық ұйымның өкілдері сан-алуан пікір білдіруде. Парламентте де бұл туралы пікірталас қыза түсті. 70-тен астам депутат, оның ішінде билік партиясының 41 өкілі «ковид-төлқұжат халықаралық сапарлар үшін ғана керек, оны ел ішінде талап ету артық» деп қарсы пікір білдіріп, Борис Джонсонға ашық хат жазды.

Баронесса Шами Чакрабарти, Лейборшылар партиясының мүшесі:

- Паб, дүкен, футболға бару үшін ковид-төлқұжат сұрау дұрыс емес. Бұл адам құқығына қол сұғумен тең. Ел ішінде еркін жүріп-тұруды шектейтін бұл бастама адамдарды алалап кемсітеді. Жемқорлыққа, тіпті сегрегацияға жетелейді.

Үкіметтегілер бұл мәселені тереңінен зерттеуді жалғастырып, осы айдың соңына таман алғашқы нәтижелерімен бөлісетіндігін айтты. Егер Тори партиясының 60-тан астам депутаты наразылық білдірсе, Джонсон райынан қайтуы әбден мүмкін.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы