Корея ғалымдары киген адам өзін қаңбақтай сезінетін киім ойлап тапты

Фантастикалық фильмдегі «өрмекші адам» шындыққа айналар түрі бар. Оңтүстік кореялық өнертапқыштар адамның қимылын жеңілдетіп, тіпті денеге салмақ түсірмейтін киім ойлап тапты.

Владислав Цой, тілші:

- Мына мен киген шалбар аяқтың күшін 50 процентке арттырады, әрі адамның қимылын жеңілдетеді.

Бұл шалбардың сыры мына матада. Ол қалыңдығы 40 микрометр спиральға бұралған сымнан тұрады. Қалыңдығы адамның шашынан екі есе жіңішке. Тоқ берілгенде қысылып, ашылатын қасиеті бар. Осындай жіптен 10 келіге дейін көтеретін мата жасалған.

- Міне созылған сым. Температураның жоғарылауымен ол қайтадан бастапқы күйіне оралады. Мен сізге 500 микрометр сымды көрсеттім. Біз 40 микрометрдегі сымнан мата жасадық. Сым металл, бірақ мата іспетті.

Технология заманында бұл бір сиқыр дерсіз. Дегенмен, мына құрылғы арқылы адамның отырып тұруы оңай болмақ. 

Пак Чоль Хун, механизмдер мен материалдар институты департаментінің бас зерттеушісі:

- Бұл жобаны қаржыландыратын компания болса, онда 2-3 жылдан кейін матадан жасалған роботты іске қосуға болады. Мәселен, жай киімнің бағасы 100 мың вон. Ал біздің құрылғы 2,5-3 есе қымбатқа түседі. Егер инвестор болса, онда бағаны 200 мың вонға дейін төмендетуге болар еді.

Бұл наноқұрылғыны кез келген салада қолдануға болады. Мысалы, науқастардың жарақаттан кейін аяққа тұрып кетуіне зор көмек береді. Енді бұл ерекше жобаны іске асыру үшін өнертапқышқа үкімет пен инвесторлар тарапынан үлкен қолдау қажет болып тұр. 

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян