Жүздеген мигрант Байденнен ел аумағына өтуге рұқсат беруді талап етті

Мексиканың АҚШ-пен шекарасында жүздеген мигрант наразылық шеруіне шықты.

Олар Америка үкіметінен ел аумағына өтуге рұқсат беруді талап етті. Бұған дейін АҚШ билігі ашық тұрған шекараны жауып тастаған болатын. Қазір шекара күніне тек 4 сағатқа қана ашылады. Бірақ ұзақ тексеріс жүргізіледі. Бұл мигранттар ақпан айынан бері қолдан жасалған шатырларда тұрып жатыр. Арасында балалар көп.

Айта кетейік, Джо Байден билікке келгелі, Мексикадан ағылған мигранттар нөпіріне тосқауыл қойылып, бақылау талаптары күшейтілді.

Уенди, Гондурастан келген мигрант:

– Біз олардың бізді тым құрығанда 5 минут тыңдап, талап-тілегімізге жауап бергенін қалаймыз. Бұл жерде балалар бар. Байден де бір кезде бала болды емес пе?! Ол балалық шағында осы балалар сияқты қиналмаған шығар. Бірақ жанашырлық танытуы керек қой. Біз бай емеспіз, сіңірі шыққан кедейміз. Бірақ еңбекқормыз, адалмыз.