Қырғыз-тәжік шекарасындағы атыстан қаза тапқандардың саны артты

Қырғыз-Тәжік шекарасындағы қақтығыстан қаза тапқандардың жалпы саны 6 адамға жетті, деп мәлімдейді дерек көздері.

Мерт болғандардың арасында кәмелет жасқа толмаған қыз бала да бар. Ал, жарақат алғандардың саны жүзге жақындады. Баткен облысының денсаулық сақтау министрлігінің үйлестірушісі Арзыбек Борубековтың айтуынша, зардап шеккен 38 адам ұшақпен Бишкектегі ауруханаға жеткізілді.

Естеріңізге салайық, Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғындары тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған бейнебақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Бірақ екі жақ тіл табыса алмай бір-біріне тас жаудыра бастаған. Шиеленіс атыс пен жаралыстарға ұласты. Көршілес елдер «атысты бірінші бастады» деп бірін бірі айыптады.