Британия ғалымдары: Ластанған ауаның балаларға әсері көбірек

Британия ғалымдары лас ауа балалардың денсаулығына әсерін анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 жыл бұрын басталған зерттеуге ондаған мектеп пен 3,5 мыңдай оқушы тартылған.

Осы мақсатта Лондонның орталығында «Зиянды заттарды азайтудың арнайы аймағы» құрылды. Зерттеушілер бұл орын ластанған ауаны тазартып, халықтың денсаулығын жақсартуға көмектеседі деп есептейді.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Мынау шағын құрылғыларды «белсенділік мониторлары» деп атайды. Олар ластанған ауаның балалардың денсаулығына тигізетін зиянын көрсетеді. Сондай-ақ ауа тазарғанда баланың өзін қалай жақсы сезінетінін де байқатады. Зерттеушілердің айтуынша, зиянды газдан ересектерге қарағанда балалар көбірек зардап шегеді. Бірінші кезекте өкпе зақымданады. Мұның соңы демікпеге және тыныс жолдарының басқа ауруларына әкеп соқтыруы мүмкін.

Джеймс Скэйлс, Мария патшайым атындағы Лондон университетінің ғылыми қызметкері:

- Балалар осал келеді, себебі олардың ағзасы жас. Ал ауаның ластануы жүрек, өкпе немесе ми сияқты өмірлік маңызы жоғары мүшелерге қатты әсер етеді. Ластанған ауа өкпенің қалыпты жетілуін тежейді. Мұның зардабын балалар үлкейгенде тартады.

Лондондағы «Зиянды заттарды азайтудың арнайы аймағы» 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл аумаққа өтетін көліктер, мотоциклдер мен жүк көліктері қатаң тексеріледі. Экологиялық шектеуге сәйкес келмейтін техниканың жүргізушісі 13 фунт өтемақы төлейді. Біздің валютаға шаққанда бұл 7500 теңгеден асады.

Джеймс Скэйлс, Мария патшайым атындағы Лондон университетінің ғылыми қызметкері:

- Денсаулықты жақсарту үшін қалада ауқымды іс-шаралар жасауымыз қажет. Алғаш рет қолға алынған осы арнайы аймақ ауаның ластану деңгейін біршама төмендетті. Бірақ әлі де көп іс тындыруымыз керек. Стратегиялық тұрғыда қаланы бұдан да кеңірек қамтуымыз қажет.

Ғалымдардың зерттеулеріне оқушылардың өздері де, олардың ата-аналары да сенеді. Іс осылай жалғаса берсе, тамаша өзгерістер болары сөзсіз.

Блиц 1:

- Бұл орын қауіпсіз аймақ деп саналады, өйткені көліктер бұл жерді айналып өтеді.

Блиц 2:

- Барлық ата-аналар мен отбасылар қатты ойлануы тиіс. Ауылда тұрсаңыз да, қасыңыздан үлкен жолдар өтеді ғой.

Коронавирус кезінде ауада зиянды қалдықтардың азайғаны рас. Бірақ сарапшылар осы кезеңде басқа химиялық заттардың салдарынан озонның жер бетіне жақын қабаты қалыңдап кеткенін айтады.

Авторы: Ернат Мелсұлы